Қазақстанның 13 өңірінде ескерту жарияланды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазгидромет" РМК деректері бойынша, еліміздің 13 өңірінде ауа райы қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланды.
25 қарашада Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жел екпіні секундына 15-20, 23 метр болады деп болжанған.
25 қарашада Ақмола облысының оңтүстік-шығысында бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстікке, солтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың шығысында екпіні 15-20 м/с күтіледі.
25 қарашада Ақтөбе облысының оңтүстігінде көктайғақ болады.
25 қарашада Шығыс Қазақстан облысының солтүстік бөлігінде күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Облыстың солтүстік бөлігінде жаяу бұрқасын жүреді. Жолдарда көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады, облыстың солтүстігінде, батысында 15-20, екпіні 25 м/с.
25-26 қарашада Жамбыл облысының солтүстік-шығысында және таулы, тау бөктерлі аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбырдың соңы қарға ұласады) күтіледі. 26-27 қарашада облыстың солтүстігінде және таулы, тау бөктерлі аудандарында тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығыс желіне ауысады. Облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында 15-20 м/с, күндіз 25 қарашада, тәулік бойы 26-27 қарашада екпіні 23-28 м/с жел соғады деген болжам бар.
25 қарашада Батыс Қазақстан облысында жел солтүстіктен оңтүстік-батысқа ауысып соғады, облыстың солтүстігінде, оңтүстік-шығысында екпіні 15-20 м/с болады.
25 қарашада Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын, көктайғақ, облыстың оңтүстігінде тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстікке ауысады, облыстың шығысында, орталығында 15-20, екпіні 23 м/с күтіледі.
25 қарашада Қостанай облысының оңтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ күтіледі.
25 қарашада Қызылорда облысының солтүстігінде көктайғақ күтіледі. Жел солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа ауысып соғады, күші облыстың солтүстігінде және орталығында 15-20 м/с күтіледі.
25 қарашада Маңғыстау облысының солтүстігінде, солтүстік-шығысында көктайғақ, тұман күтіледі. Солтүстік-батыстан, солтүстіктен жел соғады, облыстың батысында соққан желдің екпіні 15-20 м/с.
25 қарашада Павлодар облысының солтүстігінде, шығысында көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстіктен соққан жел солтүстік-батысқа ауысады, облыстың оңтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с.
25 қарашада Түркістан облысының солтүстігінде, батысында шаңды дауыл болады. Түнде таулы аудандарда оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метр, күндіз 15-20, таулы аудандарда желдің екпіні секундына 23-28 метрге жетеді.
"Жауын-шашынның түсуіне және қатқақ болуына байланысты көктайғақ болады. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің көше жарақаттары: соғылу, шығып кету және сыну қатерлері ұлғаяды. Көктайғақ кезінде азаматтарға тайғанамайтын табаны бар аяқкиім кию ұсынылады. Абай болыңыздар!", - делінген ТЖМ хабарламасында.