Биылғы қыркүйек айында Speedtest жаһандық индексі бойынша Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 22,6 Мб/с жетті, бұл өткен жылдың қыркүйекпен салыстырғанда 14,5% жоғары, деп хабарлайды finprom.kz-ке сілтеме жасаған kazlenta.kz
Салыстыру үшін: көршілес Ресейде бұл көрсеткіш 21,4 Мб/с құрады. Орталық Азия елдерінің ішінде Қырғызстан (19,6 Мб/с), Өзбекстан (15,8 Мб/с), Тәжікстан (7,9 Мб/с) Қазақстаннан төмен. Түркіменстанның қыркүйек айындағы деректер жоқ, соңғы деректер тек осы жылдың мамыр айында тіркелді: 5 Мб/с.
2022 жылдың қыркүйегiнде әлемдегі мобильді интернеттің медианды жылдамдығы 30,8 Мбит/с құрады, Норвегия, Біріккен Араб Әмірліктері және Катар көшбасшы болды. Естеріңізге сала кетейік: Speedtest жаһандық индексі бұрын қолданылған кең жолақты интернетті жүктеудің орташа жылдамдығынан көпшілік үшін индикатор ретінде медианаға ауысты. Ұялы байланыс операторлары бойынша, биылғы бірінші және екінші тоқсандарының қорытындысы бойынша, Қазақстандағы ең жылдам мобильді интернет үшін Ookla сыйлығын Tele2 операторы алды.
Еске салайық, Tele2 2020 жылды Қазақстандағы «Ең жылдам мобильді интернет жылдамдығы», «Үздік қамту» және «Үздік ұялы байланыс желісі» номинациялары бойынша жеңімпаз ретінде аяқтады. Ал 2021 жылы оператор Ookla-дан елдегі ең жылдам мобильді интернет сыйлығын тағы да алу арқылы өз ұстанымын растады.
Биылғы жылы Tele2 мобильді интернетінің орташа жылдамдығы 27,93 Мб/с құрады, бұл бір жылмен салыстырғанда 5,8% өсті.
2021 жылы ҚР-дағы 6 мен 74 жас аралығындағы адамдардың ұялы байланыстарды есепке алғанда интернетті пайдаланушылардың үлесі бірден 92,9%-ды құрады — бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4,7 п. т.-қа көп.
Сонымен қатар, елді-мекендер арасындағы айымрмашылық айтарлықтай қысқарды. Мәселен, Қазақстанның ауылдық жерлерінде бұл көрсеткіш 2020 жылғы 85,5%-дан 2021 жылы 90,7%-ға, ал қалалық жерлерде 90,1%-дан 94,4%-ға дейін өсті, бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты 4,6%-дан 3,7%-ға дейін қысқартты. Аумағы соншалықты үлкен және біркелкі емес ел үшін бұл жақсы көрсеткіш.
ҚР-дағы ауылдарды цифрландыруда 250-ден астам тұрғыны бар барлық елді мекендерді кең жолақты қолжетімділік қызметтерімен қамтуды көздейтін 250+ жобасы маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, ҚР-ның ұялы байланыс операторлары — Tele2/Altel, Kcell және Beeline базалық станциялар желісін 250+ жобасы аясында ғана емес, өз міндеттемелерінен де тыс орналастырып, жаңартты.
ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің ашық есік күнінде байланыс операторларының жаңартылған мәліметтері бойынша Қазақстандағы 6,4 мың елді мекеннің 5 мыңға жуығы кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етілгені айтылды. Мобильді интернеттің сапасын арттыру 768 ауылда қарастырылған, қазірдің өзінде 645 ауылда жұмыстар жүргізілді, 2022 жылдың соңына дейін тағы 123 ауылдық елді мекенде сапаны жақсарту жоспарлануда.
Қазақстанда мобильді интернет жылдамдығының өсуіне байланысты трафикті тұтыну да өсуде, бұл Түркия, Сингапур, Италия, Бельгия және т. б. елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мұндай көрсеткіштер, басқа себептермен қатар, телекоммуникация секторына ірі капитал салымдарына байланысты. Мәселен, биылғы қаңтар–шілде айларында бұл көрсеткіш 62,6 млрд теңгені құраса, 2021 жылы 128,6 млрд теңгені құрады. Салаға салынған инвестицияның басым бөлігін байланыс операторларының жеке қаражаты қамтамасыз етеді.