Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дәленов телефон арқылы байланысқанымызда індетпен күрестің ұлттық әдісі жайлы айтып берді. Оның айтуынша ұлттық тағам мен сусын түрлерінің денсаулыққа пайдасын ата-бабаларымыз бұрыннан білген. Бойыңызда антиденені қалыптастыратын ұлттық тағамдарымыз жайлы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
«Екі мәселе бар: біріншісі – вирусты адам ағзасына кіргізбеу, екіншісі – еніп кеткен жағдайда оның ауыр әсерін болдырмау. Бұл – үлкен
Профессордың айтуынша вирусты жеңу үшін ең біріншіден адам позитивті жүруі тиіс. Себебі депрессия мен үрей онсыз да ауырып тұрған адамның еңсесін тіпті түсіріп, ағзасын әлсіретуі мүмкін.
«Құдайға шүкір, Қазақстанда коронавирус жұқтырушылардың 80 пайызы ауруды жеңіл түрде көтеруде. Қалғаны орта және ауыр дәрежеде өткеріп жатыр. Оны да емдеуге болады. Жалпы коронавирустың жеңіл түрімен еліміздің азаматтары қаңтар, ақпан айларынан бері ауыруда. Пневмонияның жеңіл түрі, бронхиті бар – жалпы желтоқсаннан басталған. Олардың бәрі сырқаттанып, жазылып, қазір олардың бойында иммунитет қалыптасып қалды», - деген Ерболат Дәленов адамдар ауырса ауырып, ұжымдық иммунитет қалыптасуы керектігін де жеткізді.
Профессор әйтсе де «иммунитет пайда болды, ауыра берейік» деп отыра бермеу керектігін ескертеді. Алдын алу үшін эпидрежимді қатаң сақтаған дұрыс. «Қазақ халқының менталитеті тамаша. Әйтсе де кейбір мәселені реттей білуіміз керек. Екіншіден дұрыс тамақтану керек. Қазір коронавирустың ең бір әсері – адам ағзасына енгеннен кейін қылтамырлардың ішкі қабатына барып, сол жерде қабыну процесі өршиді. Қылтамырлардың көбісі өкпеде. Өкпе қабынса коронавирус инфекциясы сурфактант қатпарын құрта бастайды. Ол майлы қатпар. Өкпеге май керек. Ерте кезде біздің халық туберкулез немесе тұмау кезінде қойдың құйрығын шыжғырып берген, қымыз ішкізіп, борсықтың майын ішкізген. Өкпе – көптеген гармонның депосы. Сондықтан өкпе дұрыс жұмыс істеп тұруы үшін май керек», - деген профессор бұл аурудың алдын алу үшін жылы суды өте көп ішу керектігін ескертті.
Ерболат Дәленов сонымен қатар мал етінің сорпа-суын да жиі ішу дұрыс дейді. Тағамның 50-60 пайызы – мал еті, қалғаны – көкөніс болуы тиіс.
«Қойдың, сиыр мен жылқы етінің сорпасы, тауық теі мен балық – міне осылардың бәрі денсаулыққа пайдалы. Әсіресе жылқының етінде көкөністегі витаминдердің бәрі бар. Қойдың майында да, жылқының етінде холестерин өте аз. Ерте кезден қазақ неге құдаларына құйрық бауыр асатқан? Алдымен денсаулыққа пайдасын білген. Осының бәрі ғылыми негізде дәлелденген. Бірақ осы тағам түрлерін ретімен тұтынған жөн. Адам қандай күйде? Бауыр немесе жүрек ауруы бар ма? Әрбір адамның денсаулық күйін жеке бақылап, мөлшерімен беру керек», - дейді ол.
Қазақтың ерек сусыны – қымыз. Ерболат Дәленовтың сөзіне сенсек қымыз да, шұбат та қабынуға қарсы тұрып, зат алмасу процесін жақсартады. Адамның реактивтілігін арттырады. Қан ағысын күшейтеді.
«Қымызды түске таман тамақтан кейін ішсеңіз – өте пайдалы. Ал жаңа ғана саумалдың құрамындағы қышқыл мен белок, альбуминдер мен аминқышқылдары – осылардың бәрі антиденемізді туғызады. Антидене вирустарға қарсы қызмет жасап, олардың күшін азайтады. Міне сондықтан індеттің алдын алу үшін қымызды да, шұбатты да, саумалды да ішу керек. Қазір қала шетінде бие байлап отырған азаматтарға күнде халық ошарылып барып, бір кесе саумал үшін кезеккке тұратынын естіп жатырмын. Бірақ бір кеседен көп адамның ішкені дұрыс емес. Сондықтан ғылыми негізде әкімдіктің араласуымен дұрыс жолға қойып, гигиеналық талаптарды қатаң сақтау керек. Саумалды дұрыс ішетін болса ол – бірден-бір ем», - дейді профессор.
Ерболат Дәленовтың сөзіне ұққанымыздай жылқының еті мен қымызы, түйенің шұбаты адам ағзасының реактивтілігін арттырып, қанның ұюын азайтады. Бактерияларды өлтіреді.
«Ертеден бері халқымыз көптеген індетті бастан өткерген. Құтылған. Өзінің осындай ұлттық тағамдарының көмегімен де оны еңсерген. Сондықтан бұл індеттен де құтыламыз. Карантин кезінде ұйымдастыру шараларының нашарлығынан осындай қиындықпен бетпе-бет келдік. Қазір құдайға шүкір бәрі қолға алынды. Бірі «бұл саясат», екіншісі «жай тұмау» деп жүріп, қазіргі күйге келдік. Ешқандай саясат жоқ. Кеше ғана бір көршіміз қайтыс болды. Сонда бір жігіт енді ғана «ойбай біздің елде коронавирус бар екен ғой» деп жағасын ұстап тұр. Осындайды қою керек. Сақтанып, көшеде масканы киіп, қолды жиі жуып тұру керек. Иіліп сәлем беріңіз. Құшақтасудың әзірге керегі жоқ. Құранда да «сақтансаң сақтаймын» деген. Абай болайық», - деп түйді Ерболат Дәленов.