"Мен осыған дейін көп ойландым. Осыған дейінгі әрекеттерді көріп отырып, қатты шаршадым. Бүгін шындықты айтуды жөн көрдім. Антикор мені ұстаған кезде есеңгіреген күйде болдым. Антикор қызметкерлерінің бірі бұл қаржыны "Облыс әкімі Хаменоваға арналған деп көрсетуім керектігін айтты". Егер солай жасасам бұл үшін жауапкершілікке тартылмайтынымды жеткізді. Олар дайындаған сценарий бойынша әрекет еттім. Басында бірінші берген жауаптарыммен қаламын деп тырысқанмын. Мені сол инструктаждан өткізген антикор қызметкерлері осылай соңына дейін барсаң өзің үшін бәрі жақсы болады, қорғалу құқығына ие болып қаласың, жауапкершілікке тартылмайсың, бәрінен де босатыласың деген болатын. Бірақ күні бүгінге дейін олардың тарапынан мені қорғау, қолдау туралы әрекеттер жасалмағандықтан мен шындықты айтуды жөн көрдім. Бұл қаражат демеушілік ақша, ел үшін жасалған жұмыстардың жыртығын жамауға керек болған.
Шынымен де бәрі қалай болғанын айтуға шешім қабылдадым. Мен Хаменованың кабинетінде неден бастарымды, қалай жеткізерімді білмедім. Сондықтан "4,500 мың" деп жазып бердім. Басында ол кісі ештеңе түсінбеді, сондықтан маған 2 млн 500 ді Жәнібекке беруді, 2 млн-ды қалдыра тұруды айтты. Яғни бұл ақшаны Хаменова демеушіліктің ақшасы деп түсінді. Мұның бәрін мен Антикордың айтуымен жасадым"- деді Рысқалиев.
Рысқалиевтың мәлімдемесінен кейін Хаменова сөз алды.
"Мұсылмадық танытқаныңызға, Антикордан емес, Алладан қорыққаныңызға, 10 ай бойы тар қапаста қамалып отырсам да бүгін шындықты айтқаныңызға мен рахмет айтамын"- деді ол бұрынғы әріптесіне.
Айта кету керек, атыраулық экс-шенеунік Бақытгүл Хаменова "пара алды" деген күдікке ілінген болатын. Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевтың ісі Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен тергелген. Ал "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамов Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігімен тергеуге алынған.
Авторы: Әйгерім Сайқын