«Тараз» әлеуметтік корпорациясы жемқорлық тәуекелдеріне жол бергендігі анықталды. Жамбыл облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің жүргізген талдау жұмыстары барысында «Тараз» әлеуметтік корпарациясы бір жеткізушілерден, яғни бір көзден әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерін бірнеше қайтара сатып алғандығы, бұған қоса микрокредиттерді мақсатсыз пайдаланып, негізсіз бөлгендігі белгілі болған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері талдау нәтижесінде 2019-2021 жылдар аралығында «Тараз» әлеуметтік корпарациясы жалпы сомасы 2 млрд. теңгеге мемлекеттік сатып алуды жоспарлаған, сонымен қатар қаржылық лизинг беру кезінде жалпы сомасы 74 млн. теңгеге құрал-жабдықтардың құнын асыра бағалауға жол берген фактілері анықталғандығын айтты.
- Талданып отырған мерзімде «Тараз» әлеуметтік корпарациясымен бюджеттен 100 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл жерде жергілікті сметалық құжаттар өз жоспарларына сәйкес құрылған. Алайда атқарылған жұмыстардың актілері осы тиісті жергілікті сметалық құжаттармен сәйкес келмейтіндігі белгілі болды. Осыған байланысты біз бұл мәселеге қатысты материалдардың барлығын Экономиакалық тергеп-тексеру Департаментіне өткізген болатынбыз. Қазіргі таңда бұл іс бойынша тиісті аудиторлық тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру жұмыстарының қорытындысы біз жүргізген талдау жұмыстарының нәтижесін растаса, яғни «Тараз» әлеуметтік корпарациясының жемқорлық тәуекелдеріне жол бергендігі дәлелденсе жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті қылмыстық іс қозғалатын болады, - деді өз сөзінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаменті превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров «Антикор орталығы» алаңында өткен жиында.