Аталған жайтқа қатысты Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметі пікір білдірді.
"21 тамыз күні сағат 06:31-де "102" нөміріне Бекхожин көшесіндегі сауда үйлерінің бірінің артында белгісіз ит ер адамды тістеп алғаны және өтіп бара жатқан адамдарға қарай шапқаны туралы қоңырау келіп түсті", – деді ведомствода.
Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, оқиға орнына Павлодар қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының АП-627 автопатрулі жіберілген. Келген бойда полицейлер өтіп бара жатқан адамдарға жүгіріп, өзін агрессивті ұстаған алабай тұқымдас итті көрген. Сол уақытта жәбірленуші тәртіп сақшыларына ит әйелге шабуыл жасағанын, артынша өзін тістеп алғанын айтқан.
Жағдайды бағалап, азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында полиция кіші лейтенанты Ерсін Шахманов ПМ-9 мм қызметтік қаруын қолданып, екі рет оқ атуға мәжбүр болған. Ит тірі, ветеринарлық қызметке тапсырылды. Оның иесін анықтау шаралары жүргізілуде. Ал жәбірленуші, 33 жастағы ер адам – Полиция департаментінің қызметкері. Ол жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Азаматқа "оң жақ білегінің екінші санатты тістеу жарақаты" диагнозы қойылды.
Жәбірленушінің айтуынша, ол таңғы уақытта жұмысқа шыққан. Өтіп бара жатып, белгісіз иттің әйелге шабуыл жасағанын көрген. Ойланбастан жүгіріп келіп, әйелді жауып, иттен құтқарған. Осы сәтте ит оны қапқан. Ал полицияны куәгерлер шақырған. Қазіргі уақытта полицейдің қызметтік қару қолдану фактісі бойынша тексеру жүргізілуде.