ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин және ҚР ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мобильді кеңес барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-ны аралап, қызметтерді цифрландыру процесімен танысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
АвтоХҚКО-да министрлер жүргізуші куәлігін алу және автокөлікке мемлекеттік тіркеу нөмір белгісін дайындауға тапсырысты автоматтандыру үрдісімен танысты.
Биометрия технологиясын және жаңа GPS-құралын қолданудың арқасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, жүргізуші куәлігін алу процесінің ашықтығы қамтамасыз етілді.
№1 ХҚКО-да «Азаматтарға арналған үкіметтің» төрағасы Сүйеніш Әбділдин жеке куәлік беретін автоматтандырылған терминалды көрсетті. Терминал биометриялық жүйемен жабдықталған, суретке түсіру функциясы бар, интерфейсі де түсінікті. Сол арқылы куәлікті алуға өтініш беріп, суретке түсіп, қолтаңбаңыздың үлгісін қалдырып, QR-кодпен мемлекеттік бажды төлеуге болады.
Сондай-ақ жеке куәлікті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мамандары жасаған egov.kz порталы арқылы алу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Мекемелердің басшылары шетелден Қазақстанға ұзақ уақытқа келіп жатқан ІТ-мамандар тиісті процедуралардан өтетін АХҚО Экспат-орталығына барды. Онда ЖСН алу, Мобильді азаматтар базасына тіркелу, ЭЦҚ ресімдеу, заңды тұлғаны тіркеу, банк шотын ашу, тұрғылықты жерге уақытша тіркеу, тіпті қазақстандық SIM-карта сатып алу сияқты қызметтер көрсетіледі. Мұндай орталықтың артықшылығы сол – барлық қызметтерді бір жерден алып, уақыт үнемдеуге болады.
Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында Бағдат Мусин мен Марат Ахметжанов ішкі істер органдарындағы цифрландыруды дамыту жоспарларын, ІІМ-нің перспективалы жобаларын – «Ахуалдық-сараптамалық орталығы» мен «Сергек» мобильді қосымшасын» қарастырды.
ІІМ сараптама орталығы қылмыстың алдын алу мақсатында криминалогиялық болжам қалыптастырумен айналысады. Жүргізушілерді тәртіпке бағындырып, жол ережесін бұзудың алдын алуға бағытталған мобильді қосымша – жол қозғалысын автоматты қадағалау функционалы.
«Цифрландыру қазақстандықтардың өмірін жеңілдетіп, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін қысқартып, сапасын арттырады. Жуырда құжаттарды ресімдеу уақыты айтарлықтай қысқарып, процестердің барлығы ашық және жариялы болып, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге жол ашады. Бірақ нәтиже сапалы болу үшін цифрландыру барысында барлық мемлекеттік органдар жұмыла жұмыс істеу қажет. Біз ІІМ басшылығымен осы бағытта өзара ымыраға келіп, халыққа жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру жобаларын талқыладық. Ең алдымен, цифрлық құжаттарды мойындаудан бастайтын болдық», - деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин.
«Инновацияларды енгізу полиция қызметін бюрократиядан арылтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ ішкі істер органдары жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған көптеген жобалар бар, ІІМ оларды ЦДИАӨМ және жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастықта іске асыратын болады», - деді Марат Ахметжанов.
Кеңес қорытындысы бойынша ішкі істер органдарын одан әрі цифрландыру және ҚР ЦДИАӨМ және «Азаматтарға арналған үкімет» МК қатысуымен полиция қызметіне инновацияларды енгізу бойынша шешімдер қабылданды.