Сонымен қатар, 17 қаңтардан бастап Алматы метросының жұмысы қайта жанданды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Алматы қаласының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов айтып берді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Бүгінде барлық 151 бағыт және 1600 бірлік жылжымалы құрам, соның ішінде троллейбус және қала маңындағы бағыттар іске қосылды. Қалалық маршруттардың жұмыс тәртібі 8.00-ден 21.00-ге дейін, қала маңындағы маршруттарда 9.00-ден 21.00-ге дейін.
Сонымен қатар, метро жұмысы қайта жанданды. Жұмыс уақыты 7.00 - ден 21.00-ге дейін.
Ғ. Мырзахановтың айтуынша, тәртіпсіздік кезінде 28 бірлік автобус зақымдалған (26 бірлік – «Алматыэлектротранс» ЖШС, 1 бірлік – «АвтоАлмаТранс» ЖШС, 1 бірлік – «Автотрансгаз» ЖШС). Бүгінгі таңда 16 автобус толық қалпына келтірілді, қалған 12 автобус қосалқы бөлшектердің (шынылардың) қаңтар айының соңына дейін жеткізілуіне қарай қалпына келтіріледі.
Әуежай мен теміржол вокзалдары штаттық режимде жұмыс істейді.
15 қаңтардан бастап қалааралық тасымалдар жартылай жаңартылды (Талдықорған, Тараз, Шымкент қалалары).
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы қаланың жол инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары туралы айтып берді.
Қаланың көше-жол желісін зерттеу нәтижелері бойынша 1050 шаршы метр жол жабынының, 410 метр үйілген жиектердің, 98 дана бұзылған металл торлар анықталды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
2025 ш.м. тротуарлардағы тас төсемдер бөлшектелді, тротуарлардың жабыны қалпына келтірілді.
Ғ. Мырзаханов Алматыда 46 бағдаршам нысаны мен 121 дана жол белгілерінің (Республика алаңы, Назарбаев даңғылы, Достық даңғылы, Абай даңғылы, Райымбек даңғылы, Төле би көшесі, Сәтпаев көшесі, Момышұлы көшесі) жабдықталуы зақымдалғанын атап өтті. Бүгінде бұл зақым толығымен қалпына келтірілді.
Сондай-ақ, автобус павильондарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде: 43 автобус павильоны бүлінген, оның 23-і толық қалпына келтірілген. Қалған 20 павильонды шыны пакеттерді дайындау шамасына қарай қаңтар айының соңына дейін жөндеу жоспарлануда. Бұл жұмыстар жеке инвесторлардың («РТС» ЖШС және «Юником Бизнес» ЖШС) қаражаты есебінен жүргізіледі.
Ол зақымдалған велосипедтерді жөндеу және ұрланған велосипедтерді қалпына келтіру үшін қосымша қаражат (370 млн теңге) бөлу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті).
Ақылы автотұрақтардың қызметіне келетін болсақ, ол төтенше жағдай режимі жойылғанға дейін уақытша тоқтатылды.
24 бірлік паркомат бүлінген. Бүгінгі күні аталған паркоматтар жөндеуге алынды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын паркоматтарға арналған жинақтауыштардың жеткізілуіне қарай қаңтар айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы сондай-ақ жол айырықтарында, тесіктерде және метрода құрылыс-монтаждау жұмыстары қайта басталғанын хабарлады. Кестелерден артта қалушылық байқалмайды.