Түркістан облысында 240 келіден астам балық аулаған екі браконьер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс АПБ ЖПҚ табиғатты қорғау тобының полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шара аясында Көксарай су қоймасында браконьерліктің кезекті жайтын анықтады. Нақтырақ айтсақ, рейд кезінде полиция қызметкерлері ГАЗ және Opel маркалы көліктерді тоқтатады. Тексеру кезінде көлік ішінен балық аулауға қажетті құжаттарсыз заңсыз ауланған балықтарды анықтады.
Белгілі болғандай, Бәйдібек ауданының екі тұрғыны қайықтар мен тыйым салынған Қытай желілерінің көмегімен заңсыз балық аулаған. Тәртіп сақшылары браконьерлерден заттай дәлел ретінде 240 келіден астам түрлі балық, екі резеңке қайық және балық аулау құралдарын тәркіледі.
Аталған жайт ҚР ҚК 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша Арыс АПБ-нің СДТБТ-не тіркелді. Күдіктілердің автокөліктері айыптұрағына қойылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Полицейлер азаматтарға табиғатты қорғау саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік барын ескертеді және облыс тұрғындары мен қонақтарын табиғатты қорғауға шақырады. Егер сіз табиғи ресурстарды заңсыз өндіру жайттарының куәсі болсаңыз, тез арада полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз.