ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі Ажар Ғиният Ташкентте өткен "Диабет: мониторингтен басқаруға" атты Орталық Азия диабетологиялық форумының жұмысына қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қатысушыларды құттықтай отырып, вице-министр 2015 жылдан бастап жыл сайын өткізілетін бұл форум Қазақстан мен Өзбекстанның Денсаулық сақтау жүйесінің басшылары мен жетекші мамандары қатысатын саладағы маңызды оқиғалардың қатарына кіргенін атап өтті.
"Бұл жерде саланы дамытудың басым бағыттарын талқылау, қант диабетінің алдын алу және емдеу саласындағы озық тәжірибелермен және соңғы жетістіктермен алмасу өтеді. Жаңа қауіпті вирус әдеттегі өмір салтын өзгертті, көптеген стратегияларға, жоспарларға, жобаларға өзгерістер енгізуге мәжбүр етті, және біздің еліміз, әрине, ерекшелік емес", - деді Ажар Ғиният.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі үшін инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде қант диабетінің алдын алу және оларға қарсы күрес сөзсіз басымдық болып табылатынын атап өтті.
"15 жыл ішінде Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастар саны 3,5 есе өсті. 2021 жылдың басында диспансерлік есепте 382 мың адам тұр, оның ішінде: 30 мыңы - 1 типті қант диабеті бар пациенттер, 352 мыңы-2 типті қант диабеті бар пациенттер. Қант диабетімен ауыратындар санының өсуі ерте анықтау мен диагностиканың жақсарғанын көрсетеді", - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, ересек тұрғындар арасында скринингтік процедуралармен (60 млн тексеру) 2,5 млн-нан астам ауру жағдайы, оның ішінде 62 мыңға жуық қант диабеті анықталған.
Ажар Ғиният форумға қатысушылардың назарын COVID-19 пандемиясынан туындаған ҚР эндокринологиялық қызметінің жұмысындағы өзгерістерге аударды.
Сонымен қатар, қант диабетімен күрес аясында "Қазақстан диабетін зерттеу қоғамы" қоғамдық қорымен бірлесіп, "ҚР-дағы қант диабетінің ауыртпалығы" атты 2 жылдық жоба іске асырылып, аяқталды.
Қант диабеті бар пациенттерді амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді цифрландыру жалғасуда, оның нәтижесінде препараттарды сатып алудың да, оларды пайдаланудың да ашықтығына қол жеткізілетін болады. Қазіргі уақытта ҚР-да тегін АЛО тізіміне 30-ға жуық атау енгізілген: бигуанидтерден бастап соңғы буын инсулиндеріне дейін және олардың ГПП-1 антагонистерімен үйлесуі.
"Біздің елімізде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 1-ші және 2-ші типті қант диабетімен ауыратын барлық пациенттер жеңілдікті дәрілік препараттармен және медициналық бұйымдармен, оның ішінде инсулиндермен, тест-жолақтармен, инсулин помпаларымен қамтамасыз етілген", - деп атап өтті Ажар Ғиният.
Сондай – ақ, 2012 жылдан бастап помпалық инсулинотерапияның мемлекеттік бағдарламасы жалғасуда - 1100-ден астам бала инсулиндік помпалармен және оларға жұмсалатын жылдық қормен тегін жабдықталған.
Сөз соңында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қант диабетімен күресудегі алдын алу шараларының маңыздылығын тағы да еске салып, бұл форум оған өз үлесін қосады деп үміттенетінін білдірді.