Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесі ардагерлер кеңесінің алғашқы отырысына қатысты, онда бастапқы медициналық-санитарлық қызметтің прогрессивті моделін енгізу және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің реинжинирингі мәселелері талқыланды. Кеңес денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты жаңғырту және дамыту жөніндегі кешенді шешімдерді әзірлеу үшін құрылған. Оны С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетіСтратегия және даму департаментінің бас маманы Қадыр Омаров басқарады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
«Біз тәжірибесі мол, танымал отандық кәсіби мамандардың көмегіне үміт артамыз. Бірлесіп азаматтардың талаптарына жауап беретін, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи денсаулық сақтау саласын құруға мүмкіндік туатынына сенімдімін», - деді А.Цой.
Денсаулық сақтау министрі ұлт денсаулығын нығайту мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Мемлекет бұл міндетті шешу үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде.Осы уақыт ішінде отандық денсаулық сақтау саласы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Қазақстан Республикасында денсаулық сақтауды реформалаудың 2005-2010 жылдарға арналған, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан», денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары іске асырылды. Олардың негізгі жетістігі өмір сүру ұзақтығын 5 жылдан астам уақытқа, 2009 жылғы 68,33 жастан 2019 жылы 73,18 жасқа дейін арттыру болды.
Қазақстан медицинасының бірқатар бағыттары қазірдің өзінде халықаралық деңгейде табысты бәсекелесуде, бірегей медициналық технологиялар республикада тәуелсіздік жылдары құрылған ұлттық орталықтар базасында іске асырылуда. Аталған орталықтар Қазақстанның заманауи медицинасының флагманы болып табылады, олардың барлығы сапаның «алтын стандарты» саналатын JCI халықаралық аккредитациясынан сәтті өтті.
«Осы жетістіктерге сіздердің еңбектеріңіздің, еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту жолындағы жұмыстарыңыздың арқасында жеттік. Біз мұнымен тоқтап қалмай, саланы әрі қарайдамытуымыз тиіс», - деді А.Цой.
Бүгінгі таңда мемлекет алдында тұрған басты міндет – медициналық қызметтердің сапасын арттыру. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын ұлттық жобаларға трансформациялау процесін бастады. Бұл ретте, ұлттық жобалар мемлекеттік бағдарламаның дәйекті мұрагерлері болады, олардың негізгі ұлттық индикаторы: «2025 жылға қарай Қазақстан Республикасы халқының өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізу» болып табылады.
Денсаулық сақтау жүйесі ардагерлерінің кеңесінің құрамында «QazMed» медицина және онымен байланысты сала қызметкерлерінің кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Серікбол Мусинов, «Интертич» АҚНұр-Сұлтан қаласы бойынша бас дәрігері Анатолий Белоног, «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті»КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы Жақсылық Досқалиев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Надежда Петухова, «С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті»КЕАҚ университеттік клиникаларының директоры Есентай Тәжиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан тамақтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов және басқалар.