Орал қаласында қала күні мерекесі қарсаңында 198 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оздырылған шараға жиналған тұрғындарды облыс басшысы Ғали Есқалиев аталмыш қуаныштарымен құттықтап, пәтер иелеріне кілттерін табыс етті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Зашаған кентінде бой көтерген 9 қабатты тұрғын үй республикалық және жергілікті бюджет есебінен салынған. Аталмыш тұрғын үйді «Болашақ –Т» ЖШС бір жыл ішінде салып, қолданысқа берді. Негізгі құрылыс жұмыстары 9 ай көлемінде аяқталған. Пәтерлердің 81-і – бір бөлмелі, 99-ы – екі бөлмелі, 18-і үш бөлмелі.
Облыс басшысы Ғали Есқалиев мемлекеттік бағдарлама аясында беріліп отырған бұл пәтерлердің арендалық бағасы – 6-12 мың теңге аралығында болатынын атап өтті.
Облыс басшысы Ғали Есқалиев өз құттықтау сөзінде «Биыл өңірде тұрғын үй құрылысына 18 млрд. теңге бағытталды. Тұрғындарды баспанамен қамтуда жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған үйден көп жылдар бойы жеке баспаналарын күтіп отырған көпбалалы аналар және басқа да санаттағы азаматтар мен азаматшалар пәтер алуда. Осы қуаныштарыңыз құтты болсын, шаңырақтарыңыз биік болсын» – деп, тұрғындардың қуанышымен ортақтасты. Сондай-ақ облыс басшысы жаңа үй тұрғындарын пәтерлерді алғашқы күннен бастап өз үйлеріндей күтуге, тұрғын үйді, ауласын ұқыпты ұстауға шақырды. Облыс басшысы жаңа үйден баспана алған отбасылардың бірі Әлмұқановтар отбасының шаңырағына кіріп, құттықтады. 11 жыл бойы отасып, 5 баланы тәрбиелеп отырған жас отбасы дастархан жайып, қонақтарға ауыз тигізді. Тағы бір сәби күтіп отырған отанасы Әсел осы кезге дейінгі пәтер жалдаудың қиындығымен бөлісті.
– Осы уақытқа дейін пәтер жалдап келдік. Балаларымыз кішкентай болғандықтан, қожайындар пәтерге жібергісі келмейтін. Енді ауданы – 83,42 шаршы метр құрайтын үш бөлмелі өз үйімізге қол жеткізіп отырмыз. Өзімізге де, балаларға да ұнады. Өте ризамыз, – деп қуанышын жеткізді.
Сондай-ақ осы үйден жетім балалар санаты бойынша 20 азамат пәтерлі болды. Оның ішінде «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінен бес отбасы жаңа үйге көшіп келмек. «Шаңырақ» үйінің директоры Өмірбай Қалымбеттің айтуынша, кейінгі бес жылда балалар үйінде тәрбиеленіп шыққан 300-дей азамат баспана алған. Аталмыш «Шаңырақ» үйінің тәрбиеленушілері Азат пен Асыл да пәтерлі болды. 5 бала тәрбиелеп отырған, жас отбасы қонақтарға дастархан жайып, қуаныштарымен бөлісті.