ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қысқы кезеңде мал жаю жағдайы мен қажетті қолдау шаралары талқыланды. Ауа райынан зардап шеккен өңірлердің әкімдіктері тыңдалды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Биылғы қыс температура қатты өзгеріп, қар мен жауын-шашын молынан жауды, бұл кейбір аудандардағы қысқы жайылымдарда мұздың қатуына әкеліп, мал жаюды қиындатты. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангалий Бердалиннің мәліметінше, ауа райынан Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарының аудандары зардап шекті.
Мәселен, Ақмола облысы Ерейментау ауданы Ақмырза ауылында жайылымдардағы мұз жылқылардың тебінін қиындатты. Әкімдіктің мәліметінше, мұндай жағдай ойпаттарда орналасқан жайылымдарда ғана орын алған. Сондықтан жылқылар биік жерлерге айдалды.
Ақмола облысының Астрахан, Атбасар, Аршалы, Бурабай, Жақсы және Зеренді аудандарында жас мал қорада ұсталды. Жергілікті жерлерде мал басын жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында бір тәулікте бір айлық қар нормасы жауған, сондай-ақ жылқыларды тебінге айдауға қатысты қиын жағдай қалыптасқан. ШҚО-ның таулы ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты 2024 жылғы 15 қаңтар мен 5 ақпан аралығында жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі орнады. Әкімдік аталған жерде орналасқан шаруа қожалықтары мен жеке шаруа қожалықтарына жем-шөп шөп тасымалдауға көмек көрсетті. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ауыл шаруашылығы жануарларының жаппай қырылуының алдын алынғаны хабарланды.
Солтүстік Қазақстан облысында жайылымдарда мұздың пайда болуына байланысты жылқы иелері малдарын үйде ұстауға мәжбүр болды. Азықтың қосымша көлемімен қамтамасыз ету үшін оларды тасымалдау ұйымдастырылған. Мысалы, тек Ақжар ауданына Павлодар облысынан 560 орам шөп әкелінді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, мұнда да жылқылардың өлімі байқалмаған.
Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында табындар елді мекендерге айдалды.
«Біздің міндетіміз – қолайсыз ауа райына байланысты мал басының азаюына жол бермеу. Біз Үлкен жобаны іске қосамыз, ет өнімдері үшін кезең-кезеңмен экспорттық нарықтарды ашамыз, мал шаруашылығын дамыту бойынша жобаларды енгіземіз. Барлық әкімдікке малдың қыстау барысын ерекше бақылауда ұстауды, қажетті шараларды жедел қабылдауды және Ауыл шаруашылығы министрлігін апта сайын нәтижелер туралы хабардар етуді тапсырамын», — деді Серік Жұманғарин.