ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте азаматтардың өмір сүру сапасы мен бизнестің жағдайын жақсарту жөніндегі цифрлық бастамаларды іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Өткен жылы ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасына сәйкес азаматтар өмірінде және бизнес жұмысында кездесетін жағдайларды кешенді цифрландыру басталды. Бірқатар бастамалар оң нәтиже беріп үлгерді.
Мысалы, 2023 жылы автокөлікті қайта тіркеу бойынша мәмілелердің шамамен 55%-ы (шамамен 2,3 млн) онлайн форматта жүргізілді. Жүргізуші куәлігін қайта жасау рәсімі цифрландырылды және көліктің техникалық тексерістен өткені туралы деректер Egov-қа шығарылды. Е-salyq Azamat және Е-нотариат мобильді қосымшалары арқылы азаматтар үшін кедендік декларация тапсырып, онлайн-сенімхат рәсімдеу және нотариустардан видео арқылы консультация алу мүмкіндігі туды.
Сонымен қатар 17 жастағы 150 мыңға жуық ер бала үшін әскери есепке алу науқанының форматы жеңілдетілді: енді құжаттарды жинап, әскери комиссариаттарға бару және медициналық комиссиядан өту қажет болмайды. 1,3 млн-ға жуық азамат ХҚКО немесе әскери комиссариаттарға бармай-ақ, мекен-жайы бойынша проактивті форматта есепке тұра алады.
Оған қоса техникалық және кәсіптік білім туралы дипломдардың түпнұсқа екенін тексеру үшін QR-кодтар енгізілді, талапкерлер немесе олардың өкілдері білім беру гранты табысталғаны туралы СМС ала алады. Сондай-ақ Enbek.kz порталы арқылы онлайн-режимде еңбек шарттарын жасайтын сервис іске қосылды. Жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша пилоттық немесе толық режимде 146 цифрлық бастама іске асырылды.
Атқарылған жұмыстың нәтижелері туралы бұған дейін осы бағытта тапсырма алған орталық мемлекеттік органдардың «цифрлық» вице-министрлері баяндама жасады.
Өз кезегінде салалық ведомство басшысы Бағдат Мусин мемлекеттік органдар іске асырған бастамаларды бағалау нәтижелерін мәлімдеді. Талдау аясында халық тарапынан жобаларға деген сұраныс, олардың тиімділігі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге қаншалықты бағытталғаны және т.б. ескерілді. Министр 2023 жылы 9 өмірлік жағдай бойынша 365 бизнес-процеске реинжиниринг жүргізілгенін, бұл тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсету жылдамдығы мен олардың сапасының артуына септігін тигізетінін айтты.
Айта кету керек, бюрократиядан арылту және цифрландыру бойынша жұмысқа «Самұрық-Қазына» АҚ және «Бәйтерек» холдингі де тартылған.
Ғалымжан Қойшыбаев алдағы жылы қойылған міндеттерді барынша белсенді жүзеге асыру керектігін атап өтті. Сондай-ақ күрделі міндеттерді ведомствоаралық жұмыс топтары арқылы мүмкіндігінше қысқа мерзімде бірлесіп шешуді көздейтін «Agile» және «Акселерация» сияқты басқару құралдарын қолдану қажет.
«Мемлекет басшысы алдымызға маңызды стратегиялық міндет қойды – Қазақстанды IT-елге айналдыру. Цифрландыру саласында жетістіктеріміз бар: “электрондық үкіметті” дамыту индексі бойынша әлемдік көшбасшылар қатарындамыз. Алайда бізге мұнымен тоқтап қалмау керек, жасанды интеллект пен инновацияны қолдану және енгізуді қамтамасыз ету қажет», — деді ҚР Үкімет Аппаратының басшысы.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, онлайн-сервистерді жақсарту, сондай-ақ халыққа нақты және елеулі нәтижелер беретін жаңа бастамаларды әзірлеу жөнінде бірқатар тиісті тапсырмалар берілді.