Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы және inDrive халықаралық компаниясының New Ventures бөлімшесі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Келісімнің мақсаты – Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті дамыту үшін бірлесіп әрекет ету, жергілікті кәсіпкерлерге инвестиция табуға жәрдемдесу, сыртқы нарыққа шығу және бизнесін кеңейту мен дамытуда халықаралық тәжірибе алуға көмектесу. Ынтымақтастық аясында алматылық бизнесмендер көлемі 100 млн долларды құрайтын New Ventures бағдарламасының инвестициясын алуға өтінім бере алады.
«Ел Президенті Алматы қаласының экономикасын әртараптандыру міндетін атап өтті. Бұл міндет қаламыздың жүйелі құжаттарында белгіленіп, Алматы әкімі мен Ұлттық палата басшылығының тұрақты бақылауында. Туризм, таза өндіріс, креатив индустрия және IT салалары мегаполистің экономикасын трансформациялау драйвері ретінде анықталған. Білім мен идеяларға негізделген экономика, оларды коммерцияландыру және экспорттау мүмкіндігі – өңірлік палата жұмысының мақсаты. Бізге инвестиция тарту ғана емес, қалыптасқан халықаралық компаниялардың тәжірибесін зерделеп, бейімдеу қажет», – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрсұлтан Шоқанов.
Нұркен Рзалиев, New Ventures-тің Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бөлімшесінің басшысы: «Қаражат, сараптама және бизнесті халықаралық нарыққа шығаруда тәжірибеміз бар. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтасу бізге бизнес қауымдастығы тарапынан сенім деңгейінің артуын қамтамасыз етеді. Мүдделі тараптарды диалогқа шақырамыз. Кездесейік, танысайық, сөйлесейік. Келешегі зор және қызықты жобалар бойынша win-win ынтымақтастық туралы келісеміз. Қалғандарына кем дегенде кеңес, тәжірибе және пайдалы байланыстар арқылы көмектесеміз».
Меморандумға сәйкес, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы New Ventures пен жергілікті бизнес өкілдері арасындағы инвестициялық бағдарлама бойынша келіссөздердің үйлестіруші рөлін алады.
New Ventures өз тарапынан ұсынылған компаниялардың ішінен инвестициялау немесе сатып алу мақсатында компанияларды таңдайды. Сондай-ақ компания кәсіпкерлерге сыртқы нарыққа шығуға және басқа инвесторларды табуға көмектесетін болады.
Қаржыландыруға қабілетті компаниялардың негізгі белгілері:Қазақстанда жұмыс істейтін, халықаралық нарыққа шығуды қалайтын жергілікті компаниялар;
Post-seed (pre-round A) кезеңіндегі компаниялар;
Өткен жылмен салыстырғанда үш еседен артық өсім көрсеткен компаниялар;
Жоғары LTV/CAC көрсеткіштері бар компаниялар;
inDrive миссиясына сәйкес келетін әлеуметтік маңызы бар жобалар;
Халықаралық нарықтарға шығу кезінде көп қаражат талап етпейтін, кеңейтуге оңай жобалар.
Алдағы уақытта бизнес өкілдері және аумақтық билік органдарымен бірлескен кездесулер, сондай-ақ Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту саласындағы басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланған.