Денсаулық сақтау Вице-министрі - ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарына дауыс беру кезінде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың денсаулығын қорғау алгоритмі жайлы айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Әрбір сайлау учаскесінде кіре берісте медицина қызметкерлері немесе волонтер кезекшілікпен термометр арқылы келген азаматтардың температурасын өлшеуі керек; қолды дезинфекциялауға арналған санитайзер болуы тиіс; сайлаушылардың қозғалыс бағыты бойынша арақашықтық белгілер мен нұсқаулық болуы тиіс; пайдаланылған жеке қорғаныс құралдарын тастауға арналған контейнерлер; дене қызуы көтерілген (37ºС-тан жоғары) жағдайда адамдарды оқшаулауға арналған жеке орын болуы қажет.
Сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру кезінде комиссия мүшелері әрбір 3 сағат сайын масканы ауыстыруы тиіс, ішке кіргенде қолды тазалау, ал қол алысуға және келушілермен жақын байланысуға болмайды, сайлау комиссиясы нысанын ылғалды тазалап, жиһаз бен техникалық жабдықты бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр қашықтықта орналастыру қажет.
Бұдан басқа, сайлау бюллетеньдерін таратқанда тікелей байланыс орнатуға болмайды.
«Сайлаушылар жеке басын куәландыратын құжатты сайлау комиссиясының мүшесіне көрсетеді, бірақ қолына берілмейді», - деді Е.Қиясов.
Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін жоғары және орташа қауіпті аймақтарда (қызыл және сары аймақтарда) болатын өңірлердегі сайлау комиссиясының мүшелері ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеруден алдын ала өтуі тиіс. ПТР әдісімен COVID-19 тестін сайлау басталғанға дейін 5 күн бұрын тапсыру қажет.
«Оқшауланған немесе карантинде отырған сайлау комиссиясының мүшелері мен өзге де сайлау процесіне қатысушыларға сайлау учаскесіне кіруге рұқсат жоқ», - деп толықтырды Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер.
Нысаннан тыс жерде дауыс беруге өтініш қабылдаған кезде, сайлаушыдан COVID-19-ға байланысты өзін-өзі оқшаулауда отырған жоқ па, соны анықтау қажет.
Мекемелерді аралап жүріп дауыс жинайтын сайлау комиссиясының мүшелері жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Жеке қорғаныс құралдарын қайта пайдалануға болмайды. Көрсетілген жеке қорғаныс құралдары тығыз жабылатын контейнерге немесе одан әрі кәдеге жарату үшін бакқа салынуы тиіс. Сайлаушыларға қажет болған жағдайда жеке қорғаныс құралдары беріледі. Жәшікті сайлаушыға дейін немесе одан кейін дезинфекциялау қажет.
«Учаскелік комиссияның дауыс беру қорытындылары туралы хаттамаларын қабылдау кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет. Дауыс беруге арналған стационарлық және тасымалданатын жәшіктерді ашу алдында оларды дезинфекциялау құралымен санитариялық өңдеу қажет. Бақылаушылар, сенім білдірген адамдар сайлау учаскесінде маскалық режимді сақтауы тиіс. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап қызыл және сары аймақтарда орналасқан өңірлердегі бақылаушылар, сенімді адамдар алдын ала ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеруден өтуі тиіс. ПТР әдісімен COVID-19 тестін сайлау басталғанға дейін 5 күн бұрын тапсыру қажет. Бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің орналасқан жерлері әлеуметтік арақашықтықты ескере отырып, кемінде 1,5 – 2 метр орналасуы тиіс. Дауыс беру барысын, дауысты санау рәсімдерін айқын көруге мүмкіндік болады», - деді Е.Қиясов.
Сайлаушылар сайлау учаскесіне барғанда медициналық маска және антисептикалық сұйықтық қолдануы керек. Бюллетеньді алған кезде комиссия мүшелерінің қолына бермейді, жеке басын куәландыратын құжатты ашып көрсетуі керек. Дауыс беруге өз қаламыңызды ала келіңіз, болмаған жағдайда сайлау комиссиясы берген қаламды пайдаланыңыз. Бала ертіп келуге болмайды.
Үйде емделуіне байланысты оқшаулау режиміндегі немесе коронавирус инфекциясына байланысты карантинде отырған дауыс беруге қатысушылар сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру туралы өтініш білдірген жағдайда сайлау комиссиясының мүшесіне хабарлауы тиіс.