Түркістан облысының полицейлері деструктивті діни ағым жақтаушысынан 5 келіге жуық марихуана тәркіледі, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз сақтады деген күдікпен егде жастағы тұрғынды анықтады.
Мәселен полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, Кентау қаласы көшелерінің бірінен бұрын сотталған жергілікті тұрғын, деструктивті-діни ағым жақтаушысын ұстады.
Жедел уәкілдер тексеру кезінде күдікті ер адамнан полиэтилен пакетке салынған марихуана есірткі затына ұқсас ерекше иісі бар 10 орама, күдіктінің пәтерін тінту барысында 17 қағаз және полиэтилен пакет орамасын, 41 сіріңке қорабы мен шыны ыдысқа салынған есірткіге ұқсас заттарды тәркіледі.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары 6 банка мен 1 пакетке салынған есірткі тұқымына ұқсас зат, 9 түп есірткісі бар өсімдік және 1 патрон тапты.
Бұл фактіні полицейлер Кентау ҚПБ-ға ҚР ҚК-нің 296-бабы (Өткізу мақсатынсыз есірткі заттарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу) мен ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркеді. Белгіленген сараптамаға сәйкес, алынған заттар жалпы салмағы шамамен 5 келі болатын марихуана есірткісі болып шықты.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталады.