Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) Қазақстанға салған инвестицияларының көлемі 2022-2026 жылдарға арналған стратегияны іске асырудың алғашқы екі жылының қорытындысы бойынша жоспардан 70%-ға артып, $2,2 млрд-тан асуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Банктің басқарма төрағасы Николай Подгузовпен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Николай Подгузов Қазақстан ЕАДБ-ден тартылған инвестициялар көлемі бойынша көш бастап тұрғанын атап өтті. Түрлі салаларда $5,6 млрд-қа 104 жоба іске асырылды. Бұл күн және жел генерациясының құрылысы, өңдеу секторы, химия өнеркәсібі кәсіпорындарын, ЖЭО, көшелерді жарықтандыру желілерін жаңғыртуға, сондай-ақ пойыздардың құрамдас бөліктері паркін жаңартуға, АӨК секторы компанияларын дамытуға, әуежайлар, магистральдық газ құбыры құрылысына және т. б. қатысты.

Биылғы маусым айында Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкімен серіктестікте ЕАДБ-ның қаржыландыруымен салынған Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы бойынша көлік қозғалысы ашылды. Қазіргі уақытта ЕАДБ халықаралық серіктестермен бірлесіп, Алматы әуежайын кеңейту мен жаңғыртуды қаржыландыруда. Оған қоса «Аягөз – Бақты» т/ж желісі және Қазақстан-Қытай шекарасында жаңа шекара бекетін салу жобаларының перспективасы да жоғары болып отыр. Жаңа инфрақұрылым жүк айналымын жылына 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді деп болжануда.

Сонымен қатар Банк «Астрахан – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын реконструкциялауға және кеңейту жобасына да қатысуға ниетті. Жобаның әлеуметтік маңызы жоғары екенін ескере отырып, арнайы қаржыландыру шарттарын ұсыну жоспарланып отыр.
Әлихан Смайылов ЕАДБ-ның республиканың инфрақұрылымдық дамуындағы рөлі маңызды екенін және еліміздің ұлттық даму мақсаттарын ескеретін тәсілінің дұрыс екенін атап өтті.
Анықтама: Еуразиялық даму банкі – еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметін жүзеге асырып келе жатқан халықаралық қаржы ұйымы. 17 жылдан астам уақыт бойы ЕАДБ қатысушы елдердің экономикалық байланыстарын нығайтуға және кеңейтуге, сондай-ақ жан-жақты дамуына жәрдемдесіп келеді. ЕАДБ-ның жарғылық капиталы $7 млрд-ты құрайды. ЕАДБ портфеліндегі негізгі үлес көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграциялық әсері бар жобаларға тиесілі. Банк өз жұмысында БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады.