Жаңа терминалды 2024 жылдың жаз мезгілінде іске қосу жоспарланған. Бұл туралы баспасөз туры кезінде Алматы халықаралық әуежайының президенті айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Аталған нысанның ауданы – 55 мың шаршы метр. Ол қазір жұмыс істеп тұрған терминалға жерүсті өткелі арқылы қосылып, бұл жолаушыларға ғимараттан шықпай ішкі және халықаралық рейстерге отыруды жеңілдетеді Құрылыс жобасына сәйкес халықаралық терминал бір уақытта 7 ұшаққа дейін қабылдап, әуежайдың жалпы өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артады.
Биылғы 7 айда Алматы әуежайы 5,2 млн жолаушыны қабылдап, бұл 2022 жылдағы кезеңмен салыстырғанда 36%-ға көп. Халықтың қолайлығы үшін былтыр жолаушылар жиналатын ішкі ұшу орны (6 гейт) кеңейтіліп, халықаралық ұшу секторында шығу жолдары ұлғайтылды. Сонымен қоса төлқұжатты тексеруге арналған 2 қосымша кабина орнатылды. 10 санитарлық торап жаңартылып, ішкі ұшу секторында 2 өнеркәсіп мақсаттағы және 11 мобильді кондиционер орнатылды. 4 перрондық автобус сатып алынды.
Сондай-ақ әуежайдың басшысы әуе айлағының вокзал маңына жүріп өтуге арналған жолдың схемасын көрсетіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
«Пандусты жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандықтан екінші қабатқа өту қиындықтары туындады. Жаңа пандус 29-ші тамызда пайдалануға беріледі. Бұл әуежайдың автотұрағындағы кептелістерді азайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар 250 орынға шақталған қосымша автотұрақты орнату туралы шешім қабылданды. Оны жартылай түрде биыл қыркүйекте пайдалануға беру жоспарланған. Екінші кезеңі қараша айына көзделіп отыр», деді ол.
Барлық жұмыс TAV Airports компаниясының қаражаты есебінен жүзеге асырылып келеді. Қосымша инвестицияны тарту әуежайды дамытудың арнайы жоспарына сәйкес пысықталады. Мәселен, бұл арқылы ұшып-қону жолағын жаңғыртып, жүк қоймасының алдында жаңа жүк алжапқышы мен мұздан қорғайтын сұйықтықты жинауға арналған дренаждық жүйелерді және т. б. салу жоспарланған.
Жаңа терминалдың басты артықшылығы advanced EDGE стандартына (экологиялық таза ғимараттарды сертификаттау жүйесі) сай болады. Айталық, энергияның 40%-дан астамын, судың 20%-дан астамын көлемін, сондай-ақ құрылыс кезінде материалдардың 20%-дан астамын үнемдеу көзделген.
Бұдан бөлек салынып жатқан терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) стандарты бойынша Optimum деңгейіндегі сервиспен қамтамасыз етіледі. Әуежайға қызмет көрсетудің жаңа тұжырымдамасы жылдам, сапалы қызмет көрсетуді қамтып, шығындарды оңтайландыруға бағытталған.
Tav Airports Holding Алматы әуежайын Орталық Азиядағы ірі жүк хабына айналдырып, Алматы облысын ілгерілетумен бірге Қазақстанға жаңа авиакомпанияларды тартуды жоспарлап отыр.