Алматы әуежайында такси жүргізушісі Италиядан ұшып келген әйелден қонақүйге дейін 45 мың теңге сұраған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Көліктегі полиция департаментінің ресми Facebook парақшасына сілтеме жасап.
Алматы әуежайындағы Желілік полиция бөліміне қала тұрғыны жүгінген. Ол Италиядан келген әйелді әуежайдан қонақ үйге әдейі қымбат бағамен жеткізген такси жүргізушісіне қатысты шара қолдануды сұрады. "Жедел іздестіру шаралары барысында Көліктегі полиция қызметкерлері такси жүргізушісінің жеке басын тез анықтады.
Ол Алматы облысының 48 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам шетелдік әйелге қоярда қоймай өз қызметін ұсынып, әуежайдан Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан қонақ үйге дейін қымбат бағамен жеткізген", – деді көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов. Айтуынша, жүргізуші келтірген залалды толық өтеген. "Құқық бұзушы ӘҚБтК-нің 449-бабының 1-бөлігі, яғни қоғамдық орындарда тиісу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді Айтуғанов. Осындай жағдай Қарағандыда да орын алған. Бұл жолы 1969 жылы туған ер адам ұсталды. Ол теміржол билеттерін сату қызметін ұсынған. "Бұл азаматтың бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Оған қатысты ӘҚБтК-нің 449-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК (30630 тг) мөлшерінде айыппұл салынды", – деді ведомствода.
Жыл басынан бері Көліктегі полиция қызметкерлері еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 25 746 азаматты жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде қоғамдық орындарда мазаны алып, тиіскені үшін 1059 азамат жауапқа тартылған, оның ішінде 251-і заңсыз такси жүргізушілері.
27-07-2022, 13:05
Шетелдік азаматқа 45 мың теңге төлеткізген такси жүргізушісінің әрекеті әшкере болды
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз