Жұлдыз Әбдікәрімова ұзақ үзілістен соң ел алдына қайта шығу өзіне оңай соқпағанын жеткізді.
"10 жылдан кейін менің екінші өмірім басталды десем де болады. Анамның (ене) идеясымен халықтың алдына жай шықпай, фильммен презентация жасауды шештік. Оның үстіне "атамның он жылдан кейін шығуыңа рұқсат берем" деген сөзі бар еді. Сонымен он жыл да өтіп, менің ел алдына шығар сәтім туды", - деп әңгімесін бастады актриса.
Оның сөзінше, "Арман" фильмінің түсірілім алаңында оны өзге әртістер жылы қарсы алмаған.
"Мені қуана-қуана қабылдамады. Бетіме күліп қарағанымен, сыртымнан пыш-пыштаған әңгімелерін еститінмін. Бірде текстіме дайындалып отырсам, менің барымды байқамаса керек: "Әрине, мен де әншінің әйелі болсам, актриса болмасам да басты рөлде ойнайтын едім. Ешкімге ештеңе демедім. Тек өзіме "Барыңды салып, ойнап шығасың. Сөзбен емес, іспен дәлелдейсің. Егер ісіңмен дәлелдей алмасаң, қанша жерден әншінің әйелі болсаң да, бұл рөлді расымен алып шығатын актрисаға бересің" дегем",- деп жазды ол.