Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Қуаныш Мәден өзі жасаған «Робот-трубочист» жобасын патенттеп алды. Бұл оның 2 жылдық еңбегі. Ол 2017 жылы арнайы техникалық реферат жасап, роботтың формуласы мен схемаларын құрып, құжаттарын Ұлттық зияткерлік меншік институтына тапсырған. Ал биылғы жылдың тамыз айында Қуанышқа жобасының патенттелгені жайлы қуанышты хабар жетті. Ең қызығы, жас өнертапқышқа құбыр тазалайтын роботты жасау идеясы сабаққа кешіккен кезде келген.
«Шынымен, робот-трубочистты құрастыру идеясы маған кенеттен келді. Мен 7 сыныпта мектепке бара жатқанмын. Бәрі әдеттегідей, үйреншікті қалыпта еді. Бірақ дәл сол күні көлік кептелісіне түсіп, мен сабаққа кешігіп қалдым. Оның себебі қаламыздың бас көшесі Қонаев даңғылында құбырдың жарылуы болды. Сол уақытта осы жобамды қолға алу идеясы туындады», - дейді Қуаныш.
Оны жүзеге асыру үшін жас өнертапқыш екі жыл бойы робототехника үйірмесінде тынбай еңбектенді. Жобасын ол бөлшектеп жинады. Соңында Қуаныш діттеген мақсатына жетіп, жұмысының жемісін көрді. Бүгінде оның роботын күллі Қазақстан біледі. Тіпті, шетелдіктер де құбыр тазалағыш роботты таниды.
«Жобамды қазір көбі біледі. Себебі мен біраз жарыстарға робот-трубочистпен шығамын. Бұл жұмысым маған республикалык «3.2.1. СТАРТ» байқауында 1 орын және 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақы, 60 мемлекеттің арасында өткен халыкаралык CASTIC-2019 жарысында инженерлік ғылымдар категориясында 2 орын алып берді.», - деді жас ғалым.
2017 жылы «Жас өнертапқыш» номинациясын иеленген Қуаныш алдағы уақытта әмбебап құбыр тазалағыш роботын өндіріске енгізіп, қазақстандықтарға пайдасын тигізсе деп армандайды. Ол үшін жасөспірімге қаражат қажет. Мұндай бір құрылғыны жасап шығару үшін шамамен 3-4 млн теңге кетеді екен.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы