Бүгінгі таңда интернеттің адамзат үшін маңызы өлшеусіз. Қазақстанның телекоммуникация саласының маңызды міндеттерінің бірі 5G ұялы байланысының бесінші буынын енгізу, деп хабарлайды finprom.kz-ке сілтеме жасаған kazlenta.kz
Ескерту: көптеген елдерде 5G-ді енгізу қарқынды жүріп жатыр, ал кәсіпкерлер мен жұртшылық бұл байланыс түрінің артықшылықтарын жоғары бағалап үлгерді. Statista мәліметінше, Қытай мен АҚШ 5G енгізуде басқа елдерден көш ілгері: барлығы 652 қала бесінші буынмен қамтылған, оның 356-сы Қытайда, 296-сы АҚШ-та.
5G қосуда алғашқы бестікке Филиппин (98 қала), Оңтүстік Корея (85 қала) және Канада (84 қала) кіреді. Алғашқы ондыққа Испания, Италия, Германия, Ұлыбритания және Сауд Арабиясы енді.
Пандемиядан кейінгі кезеңде 5G енгізу экономиканы қалпына келтіруге және бүкіл әлем бойынша экономикалық өсуді ынталандыруға көмектеседі.
Сектордың бірқатар сарапшылары таң қаларлық статистика мен болжам айтады.
Әртүрлі елдерде 5G-ге көшу әртүрлі жылдамдықпен жүріп жатыр. Мысалы, 2025 жылға қарай дамыған Азия-Тынық мұхиты аймағында* 5G желісінің енуі 64%, Солтүстік Америкада — 63%, Қытайда — 52%, Араб мемлекеттерінде — 49%, Еуропада — 44% құрайды. Осылайша, 5G енгізу мемлекеттер дамуының басымдылығына айналады.
Сонымен қатар, ТМД елдерінде 2025 жылдың соңына қарай 5G желісін пайдаланатын интернетке қосылу үлесі тек 9% деңгейінде болжануда, бұл ҚР үшін осы бағыттағы үлкен мүмкіндікті көрсетеді.
Қазақстанда 5G желісін дамыту және қосу бойынша маңызды қадамдар жасалды. 2022 жылғы 22-23 желтоқсанда республикада 5G радиожиілігіне арналған аукцион өтті. Аукцион өткізу жиіліктерді әділ бөлудің әлемдік тәжірибесі саналады.
Аукциондар gosreestr.kz ақпараттық жүйесінің сайтында өтті, барлығы ешқандай шектеусіз ашық және жария өтті. Бірінші лот 3600–3700 МГц (100 МГц) радиожиілік диапазонында, екіншісі — 3700–3800 МГц (100 МГц) диапазонында ұсынылды. Әр лоттың бастапқы бағасы 1 761 225 000 теңгені құрады.
Нәтижесінде № 1 лоттың бағасы 62,7 млрд теңгеге дейін өсті, ал № 2 лот бойынша ұсыныс рекордтық 93,4 млрд теңгені құрады. Жеңімпаз «Кселл» АҚ және Tele2 мен Altel брендтерімен танымал «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС ұсынған консорциум болды. Аукционға тағы бір ұялы байланыс операторы Beeline да қатысты, бірақ ол бірде-бір ұсыныс жасаған жоқ.
Соңғы аукционның нәтижелері бойынша бірнеше қорытынды жасауға болады. Біріншіден, мұндай аукцион Қазақстанда алғаш рет өткізілгенін, сәйкесінше лоттардың бастапқы бағасы барынша төмен болғанын атап өткен жөн. Түпкілікті бағаның бірнеше есе жоғарылауы нарықтық жағдайларға негізделген әділ құнды көрсетеді. Тиісінше, өткен аукциондардың нәтижелері келесі аукцион үшін негіз ретінде алынуы мүмкін.
Екіншіден, қатысушылар ұсынған бағаның өскенін көріп отырмыз: бірінші аукционда сома 62,7 млрд теңгені, ал екіншісінде 93,4 млрд теңгені құрады. Бұл нарық қатысушыларының жоғары сұранысын көрсетеді. Сонымен қатар, мұндай сұраныс ұлттық радиожиілік ресурсының шектеулі болуына байланысты да туындайды: ЦДИАӨМ мәлім еткеніндей, осы себепті бесінші буынның 5G/IMT ұялы байланысын енгізу және дамыту үшін РЖС жолақтарын аукцион арқылы бөлу туралы шешім қабылданды.
Үшіншіден, жиіліктерге деген сұраныс 5G желісінің жаһандық дамуымен және оның болашағымен байланысты.
Айта кетерлігі, аукционнан түскен қаражат «Қолжетімді интернет» жаңа ұлттық жобасы аясында телекоммуникация саласын дамытуға бағытталады. Бұл жобада үш мыңға жуық ауылды талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз ету, республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бойына «оптика» төсеу, антенна мұнараларын салу, шалғайдағы және жетуі қиын ауылдарды электр қуатымен қамтамасыз ету және т. б. қарастырылған.