Атырауда жұмыртқа сатып алуға шектеу қойылды. Супермаркеттерде бір қолға 10 дана ғана беріледі. Ал базарда жұмыртқаның бір данасы 45-50 теңге тұрады, деп хабарлайды Астана арнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, Тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын супермаркетте тауық жұмыртқасы 35,6 теңгеден сатылуда. Бұл – аймақтағы ең арзан баға. Бірақ жұрт оны қалағанынша сатып ала алмайды.
"Тұтынушыларға жетпей қала ма деген себеппен осындай шектеу қойылды. 90 дана алып жатты, 1 қорап алып жатады. 360 дана, 2-3 қорап сұрағандар болды. Халықтың бәріне біркелкі жұмыртқа жету үшін, ажиотаж, талас болмас үшін сондай шектеу қойылды", - дейді сауда үйінің меңгерушісі Дамира Тұрысбаева.
Телеарна мәліметінше, базарда жұмыртқа емін-еркін сатылуда. Бірақ онда едәуір қымбат. "Кеше, алдыңғы күні телефон соққанымызда "баға көтеріледі" деп сатпады, әкелмеді бізге. Сондықтан алмадық. Енді бүгін 42 теңгемен әкелді, бір теңге қосып, 43, 44 теңгеден сатып тұрмыз", - дейді кәсіпкер Әсима Ағаділова. Телеарна тілшісіне жұмыртқа бағасына қатысты пікір білдірген жауапты шенділер атыраулықтар тұтынатын жұмыртқаның 70 пайызы өзге облыстардан тасымалданатынын айтады.
"Ірі тасымалдаушы мекемелерге анализ жүргіздік. Енді олардың мәліметтері бойынша, жем бағасы, вакцина бағасы дейді, фабрикалардың айтуы бойынша. Сол себепті өсім байқалып отыр",- дейді Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов. Соңғы аптада баға бірнеше мәрте қымбаттаған. Сондықтан кондитерлік цехтар мен шағын дүкен иелері тұрақтандыру қорының арзан жұмыртқасын сатып алуға көшкен. Билік өкілдері телеарнаға жұмыртқа санын шектеп сату алыпсатарлықтың жолын кесу үшін жаслаған шара екенін жеткізген.
Автор: Б. Надірқызы
13-09-2022, 10:15
Атырауда дүкендерде жұмыртқа сатып алуға шектеу қойылды
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз