Жедел штабтың хабарлауынша, өрт аумағы 43 мың гектарды құраған. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумақтарында қарауылдау жұмыстары ұйымдастырылды.
"Жанудың салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылған күштер мен құралдар азайтылды. Көмек көрсету үшін Ақмола облысының күштері мен құралдары, "Восток" РМК жеке құрамының инженерлік техникасы жерді жырту жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, ТЖМ полкінің жеке құрамы командирлермен бірге және Қостанай облысының бөлімшелері жұмыс орнына оралу туралы шешім қабылданғанға дейін оқиға орнында қалады. Қалған бөлімшелер кешке дейін жұмыстарын жүргізіп, тұрақты жұмыс орындарына оралады", – деді Юрий Ильин.
Өртті сөндіруге құрамында ТЖМ, ІІМ ҰҰ, Қостанай қаласындағы академиясының, Қорғаныс министрлігінің, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары: 207 бірлік техника, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 1785 адам жұмылдырылды. Өрт сөндіру басталған сәттен бастап тікұшақтар әуеден 272 рет су шашқан. "Өрт басталғаннан бері барлығы 2091 адам эвакуацияланды (3 қыркүйек күні Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан 1841 адам, 5 қыркүйек күні Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына – 250 адам). Әулиекөл орта мектебінің (16 адам), Әулиекөл мектеп-интернатының (1 адам) эвакуациялау пунктінде 17 адам, оның ішінде 7 бала бар. Эвакуцияланғандардың негізгі бөлігі өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарының үйінде", – делінген жедел штабтың хабарламасында.
ТЖМ жедел желісі жұмыс істеп тұр, ТЖМ мен Қостанай облысының ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылған. Әулиекөл ауданының эвакопунктінде жеті психолог шұғыл психологиялық көмек көрсетеді. Консультативтік көмек 124 адамға көрсетілген және топтық жұмыс форматымен 45 бала қамтылған.