Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 тамызда сағат 20.30-да Шымкент қаласы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне "103" қызметінен электр тоғы соққан 2021 жылы туған ұл баланың көз жұмғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға Қаратау ауданы Нұртас шағын ауданындағы Құлагер көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйде болған.
"Ата-анасының айтуынша, үйде "Әсел" пеші ұзартқыш арқылы тоққа қосылу тұрған. Қасында ойнап жүрген бүлдіршін абайсызда ашық тұрған электрсымды қолымен ұстап қалған. Бала оқиға орнында көз жұмды. Оқиғаның нақты мән-жайын полиция қызметкерлері анықтайды", - делінген хабарламада.
Департаменттің мәліметінше, Шымкентте тамыз айында электр тоғына байланысты 2 жазатайым оқиға болған. Оның бірінде 2013 жылғы қыз бала зардап шеккен, ал 2021 жылғы бүлдіршін мерт болған. Осы ретте ведомство ата-аналарға балаларға абай болу керектігін еске салды. Қалалық ТЖД қауіп төндіретін электр қалқандарының, ашық электр желілерінің қасында балаларға ойнауға рұқсат бермеуді, тозығы жеткен электр желілерді уақытылы ауыстырып, сақтық шараларын сақтау қажеттігін атап өтті.