Алматыда кәсіпкерлер, меценаттар, мәслихат депутаттары қатарынан Nur Otan партиясының жүзге жуық белсенділері әскери қызметшілерге, патрульдік-күзетшілерге, метрополитен мен қаланың коммуналдық қызметкерлеріне гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруда.
Jas Otan жастар қанаты еріктілерінің күшімен екі мыңнан астам әскери қызметші, құқық қорғау органдары мен коммуналдық жұмыс қызметкерлері осы жылдың 6 қаңтарынан бастап үздіксіз ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Гуманитарлық көмекпен Алматының он жоғары оқу орны мен колледждерінің 2 мың студенті қамтылды.
Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшелері мен партияның Алматы қалалық филиалының белсенділері, сондай-ақ Праймериз қатысушылары Аида Бекманова, Бақтияр Блаев, Бақытбек Жұмабаев және Талғат Тілешев және басқалары аудандық әкімдіктермен және "Rahym" әлеуметтік үйімен бірлесіп, тұрмысы төмен және мұқтаж алматылықтарға бірінші кезекте қажетті азық-түлікпен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, көмек көрсетті.
"КазФерроСталь" ЖШС жанындағы бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қайырымдылық мұқтаждықтарына және қаланы абаттандыруды қамтамасыз етуге 4,5 млн теңге, ал «АЗМК» ЖШС жанындағы бастауыш партия ұйымына 6 млн теңге бөлді. Әуезов ауданында аз қамтылған тұрғындарға 6,5 млн теңгеге, Наурызбай және Алатау аудандарында 5,5 млн теңгеге көмек көрсетілді.
Осы сағатта Алматы қаласының барлық аудандарына шамамен 30 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиевтің айтуынша, алматылық партиялықтар өзара іс-қимыл мен алғашқы көмек көрсетуді жалғастырады. Сонымен қатар, Nur Otan партиясы қалалық филиалы жанында жедел желі телефондары жұмыс істейді, 279-78-00, +7 777 640 78 52.