БҚО Полиция департаментінің қызметкерлері бір күнде балықты заңсыз аулауға байланысты екі фактіні анықтады. Тәркіленген балықтың жалпы салмағы 1761 келіні құрады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
БҚО Полиция департаменті тұрақты негізде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларды заңсыз аулау фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған түрлі жедел алдын алу іс-шараларын жүргізеді.
– 8 желтоқсан күні сағат 05:30-да Зашаған кентінде жедел іс-шаралар өткізу барысында полиция қызметкерлері Ақжайық ауданының 38 жастағы тұрғынын ұстады. Оның Toyota Land Cruiser автокөлігінің салонында, сондай-ақ, сол маңда орналасқан үйден 312 дана бекіре тұқымдас балық табылып, тәркіленді. Салмағы 943 келіні құрады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ, пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану), – деп хабарлады БҚО Полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов.
Зашаған кентінде осыған ұқсас тағы бір факті орын алды. Жедел ақпарат бойынша 24 жастағы Орал қаласының тұрғыны өз автокөлігімен бекіре тұқымдас балықтардың үлкен партиясын тасымалдайтыны белгілі болды. Toyota Land Cruiser маркалы автокөлігін полиция қызметкерлері анықтап, көліктің жүксалғышы мен салонынан жалпы салмағы 818 келі болатын 259 дана бекіре тұқымдас балықтардың ірі партиясы табылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тергеу балықтың ірі партияларын жеткізу және өткізу арналарын анықтауда, алдын ала есептеулер бойынша залал сомасы жарты миллиард теңгеден асады. Сарапшылар нақты шығын көлемін анықтау үстінде.