"№ 2 қалалық емхана " директоры К.М.Ажгулова ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан Халқына Жолдауы аясында өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Президент Жолдауында біздің өміріміздің ең маңызды аспектілері, соның ішінде денсаулық сақтау мәселелері қозғалып, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды. Қазіргі жағдайда, әлемде екінші жыл коронавирустық пандемия өршіп тұрған кезде, бұл денсаулық сақтау жүйесі үшін ғана емес, жалпы экономика үшін де нағыз сынақ болды. Осы орайда кейіпкеріміз жұқпалы аурулардың алдын алудың екі түрін, атап өтсек спецификалық және спецификалық емес түрлері бар екенін айтып өтті.
Президентіміз айтып өткендей "Қазақстан – коронавирусқа қарсы өз вакцинасын шығарған санаулы мемлекеттердің бірі. Біз басқа елдер қызығушылық танытып отырған QazVac препаратының тиімділігі мен қауіпсіздігіне күмәніміз жоқ. Қазақстандықтардың таңдау мүмкіндігі бар – көптеген мемлекеттер оған қол жеткізе алмайды". Дегенмен вакциналар өздерінің қауіпсіздігі мен тиімділігін көрсетсе де, елде әлі де вакцинацияға қарсыластар көптігін жеткізді. Осы орайда мұндай адамдарды сендіре білу үшін түрлі шаралар ұйымдастырылатынын, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Атап өтсек: жарнамалық баннерлер, LED-экрандар орналастырылады, жетекші мамандар жергілікті және республикалық БАҚ-қа сұхбат береді, әлеуметтік желілерде посттар жарияланады, бейне роликтер, ковидтік стационарлардан репортаждар дайындалады, парақшалар таратылады, барлық дәрігерлер пациенттерді қабылдаған кезде вакцинациялау қажеттілігі және ковидтің салдары туралы баяндайды.
Бүгінгі таңда қала емханаларында Спутник, QazVac, VeroCell вакциналары бар. Аталмыш емханада жоспарланған 36 мың адамның 15 мыңнан астамы егілді, 1 компонентпен қамту 42% - ды, 2 компонентпен қамту 38% - ды құрады.
Сөз арасында К.М.Ажгулова емханаларда салауатты өмір салты кабинеттері жұмыс істейтінін және ол жерлерде денсаулық мектептерінің 11 түрі бойынша сабақтар өткізілетінін айтып өтті. Бұл денсаулық мектептерінде пациенттер дұрыс тамақтану, асқынулардың алдын алу және емдеу ережелерін сақтау бойынша оқытудан өтеді. Сондай-ақ, балалардың дұрыс дамуы мен нығаюы үшін баланы дамыту және отбасын жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді.
Сөз соңында "№ 2 қалалық емхана" директоры Мемлекет басшысы айтқандай аталмыш жағдайға бейімделіп өмір сүруге үйренуіміз қажеттігін жеткізді.
Келесі кезекте сөз алған "Topan Chemical Industries" бас директоры Г.А. Жумалиев бизнес қоғамдастығының өкілі ретінде өз пікірін білдіріп өтті. Мемлекет басшысының реформалар жайындағы бастамалары кәсіпкер пікірімен және 250 адамнан тұратын ұжымының пікірімен үндесіп, кең қолдау тапқанын жеткізді. Осы орайда кейіпкеріміз өзін толғандыратын бірнеше мәселеге тоқталып өтті. Өз сөзінде өнеркәсіп секторы техникалық мамандықтар бойынша білікті кадрларға тапшы екендігін айтты.
«Мысалы, біз жыл сайын бақылау-өлшеу құралдарының инженерлерін, аспап жасаушыларды, химик-технологтарды және басқа мамандарды аса қиындықпен іздейміз. Педагогикалық қызметкерлердің жалақысын арттыру, қайта оқыту, педагогтердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ "тегін техникалық және кәсіптік білім беру" жобасын одан әрі іске асыру жөніндегі бастамалар осы тапшылықты қысқартуға ықпал ететін болады деп ойлаймын», - деді өз сөзінде.
Сонымен қатар өз сөзінде көлік инфрақұрылымына да тоқталды. Көлік инфрақұрылымы өнеркәсіптік кәсіпорындарға өнімді тиімді жеткізу үшін өте маңызды.
«Осы орайда бірыңғай көлік жүйесін құру және "Нұрлы жол" бағдарламасын іске асыруды жалғастыру қажеттігін ерекше атап өткені қуантады. Сондай-ақ, президентіміз әкімдер мен Үкіметке әрбір өңір үшін осындай инфрақұрылымдық даму бағдарламаларын іске қосуды тапсырды. Біздің өніміміздің ірі тұтынушылары Атырау және Маңғыстау облыстарында орналасқан. Сол себепті Орал-Атырау республикалық тас жолын жаңғырту және Орал-Атырау темір жолын салу туралы өз тілегімді білдіремін», - дейді Г.А. Жумалиев.
«2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттерге берілді. Біз мұны маңызды және өте жақсы бастама деп санаймыз. Біздің компания 2020 жылы шамамен 380 млн.теңге корпоративтік табыс салығын төледі. Бұл қаражат туған өңірді дамытуға жұмсалатынын құптаймыз. Бұл қаражат көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың, өңіріміздің сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртудың маңызды мәселелерін шешуге көмектеседі деп сенемін» деп өз сөзін аяқтады.