Ақтөбеде бір аптада «қызыл» мәртебесі бар екі, «сары» мәртебесі бар 9 адамның көпшілік орынға барғаны анықталды. Бір адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша 623 нысанда «Ashyq» қосымшасы қолданылады. Қазіргі кезде жеке жағажай иелері өтініш беріп жатыр.«Өңірде карантин шектеуі күшейіп, жағажай иелері «Ashyq» жобасына өтініш беріп жатыр. Жалпы жағажай жұмысына тыйым салынған. Ал қосымша енгізілсе, ережеге сай қызмет көрсетеді», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Ақтөбе облысы бойынша 24-30 маусым аралығында «қызыл» мәртебесі бар екі, «сары» мәртебесі бар 9 адамның карантин талабын сақтамағаны анықталды. Бір адам әкімшілік жауапқа тартылып, «сары» мәртебесі бар адамдарға Бас санитар дәрігердің Қаулысы берілді. Айта кетейік, бір тәулікте тағы 63 жағдай тіркелді. Қазіргі кезде 173 адам инфекциялық стационарларда ем алып жатыр. Оның 129-ы қалада. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, 16 адам жансақтау бөліміне түскен. Оның үшеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Сондай-ақ 40 баладан COVID-19 анықталып, оның жетеуі ауруханада жатыр. Вирус жұқтырған 15 жүкті келіншектің алтауы ауруханада.