Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Ұлттық қауіпсіздің комитетінің Департаментімен және прокуратурамен бірлесіп, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша облыстың Экология департаменті басшысының орынбасарын әшкереледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігіне сілтеме жасап.
Ол ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабы 4-бөлігі (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) бойынша өңірдегі кәсіпорындардың бірін әкімшілік жауаптылыққа тартпағаны үшін ірі көлемде пара алды деп күдіктелуде.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.