Елімізге шетел банктері келсе, пайызы төмен кредит алуға мүмкіндік бола ма? Бұл сұраққа мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жауап берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Әбілқасымова БАҚ өкілдеріне Қазақстанның қаржы нарығына шетелдік бірнеше банк келуі мүмкін екенін айтады.
Бұл жерде әңгіме Ресей сияқты көршілес елдердің банктері туралы болып отырған жоқ. Қазір бірнеше инвестор қызығушылық танытып отыр. Олар Еуропа және араб елдерінен, - деді ол.
Мәдина Әбілқасымова «еуропалық банктер Қазақстанға кірсе, несие қаншалықты арзандауы мүмкін» деген сұраққа жауап айтты.
Депозиттердің де, несиелердің де пайыздық мөлшері базалық мөлшерлемеге қарай қалыптасады. Депозиттен де, несиеден де қосымша табыс табу үшін банктерге базалық мөлшерлеменің деңгейін ұстау керек болады. Сонымен бірге банктер активінің 30 пайызынан кем емес мөлшерде жоғары ликвидті актив ұстауға тиіс. Бұл салымшылар аяқ астынан активтерді жаппай шешіп алған жағдайға керек. Сондықтан, база – негізгі фактор, - деді Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, отандық банктен бөлек шетелдік жаңа банк келген күннің өзінде ол да базалық мөлшерлемеге қарап бағдар ұстайды.
Яғни, экономикадағы ақшаның құнына қарайды. Шетелдік банктер келіп, біздегіден басқа мөлшерлемемен несие береді деп күту... бұлай жұмыс істемейді. Экономикадағы ақшаның құны деген бар. Олар базалық мөлшерлеме құнына қарайды, - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.