Кеше түнде Ақтауда жол апаты болып, салдарынан аяғы ауыр келіншек зардап шекті. Полиция мәліметінше, жүргізуші көлікті мас күйде жүргізген, деп хабарлайды Lada.kz-ке сілтеме жасаған Kazlenta.kz.
Lada басылымының хабарлауынша, жеңіл көлік жүргізушісі "Астана" СОСО жанындағы бағдаршам бағанына соқтығысқан. Соққыдан көлік аударылып кеткен. Маңайдан өтіп бара жатқан жүргізушілер жол-көлік оқиғасы орнында жедел жәрдем көлігі мен полицияның бірнеше қызметтік автокөлігі тұрғанын видеоға түсіріп алған.
Кейін Маңғыстау полиция департаменті жол апаты таңертең 5:17-де болғанын хабарлады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мас күйде болған Audi A4 жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, бағдаршамға соғылған. "Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілді. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін екеуі де үйге жіберілді", - дейді полициядан.
Жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы жол апаты салдарынан 1996 жылы туған жүкті әйел зардап шеккенін хабарлады. "Оған бас сүйек-ми жарақаты диагнозы қойылды. Амбулаториялық емдеуден кейін әйел үйіне жіберілді", - дейді аурухана мамандары.
15-06-2022, 14:00
Ақтауда мас жүргізуші бағдаршамды қағып, салдарынан жүкті әйел зардап шекті
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз