"Ресей Федерациясының болжамынша, қыркүйек айынан бастап қант экспорты ашылмақ. Өйткені биыл қызылша шығымы да қажетті деңгейде болады деген жоспар бар. Сондықтан шілде, тамыз айларында қант бағасы жоғары болатын шығар. Одан кейін біртіндеп баға түсіп, нарықтағы ахуал қалыпқа түседі деп ойлаймын", – деді Ербол Қарашөкеев.
Оның айтуынша, бұл болжам орындалуы үшін жергілікті әкімдіктер нарықты сауатты реттей алуы қажет.
"Қазіргі ұзын-сонар кезек пен дүрбелеңнің бәрі арзан қанттың айналасында туындап отыр. Тіпті қыркүйек айында да қантты сырттан әкеліп, азғантай бөлігін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуды жалғастырсақ, дүрбелең де жалғасады. Сондықтан қантты өзіндік құнынан арзанға сатып, дүрбелең туғызуды тоқтатқан кезде-ақ мәселе шешімін табады. Шілде айында елге әкелінетін, зауыт шығаратын қанттың көлемін есепке алсақ, айлық қажеттілікті 150 пайыз жабамыз. Тамызда бұл көрсеткіш 170 пайызға дейін жетеді", - деді министр.