Шетелге саяхаттамақ болған павлодарлық тұрғын сан соғып қалды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Демалыс кезінде саяхатқа сұраныс артады. Осындай сәттерде теңіз жағасында демалу үшін таңғаларлық жеңілдіктер ұсынатын бір күндік фирмалар да күшейеді.
– Мұндай бір күндік фирмалар өздерінің турлары басқаларынан арзанырақ болатынына сендіріп, шұғыл түрде алуға көндіріп, алдын ала төлемді сұрайды. Түркияда демалмақ болған Павлодар қаласының 34 жастағы тұрғыны осындай жарнаманың құрбаны болды, – дейді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
– Instagram желісінде турды таңдағанда клиенттердің фотосуреттері мен жақсы пікірлеріне толы туристік компанияны байқадым. Компания күмән тудырмады: абоненттер көп, сондықтан сенуге болады. Содан кейін мен байланыс нөмірімен өтініш қалдырдым. Сол күні WhatsАpр қосымшасында маған өзін ЖШС-нің бірінің бас директоры ретінде таныстырған жігіт хат жазып, ұсыныспен таныстырды: турдың құны мен шарттары тиімді болды. Сонымен турға ақы төлеу ғана қалды. Содан кейін маған ақша аудару үшін карта нөмірі жіберілді, – дейді жәбірленуші.
Ұзақ ойланбастан қыз қомақты қаражатты картаға жіберді. Бұл тур 2023 жылдың 21 шілдесінде 7 түнге ұшуы керек еді. Тур екі адамға арналған, құны 480 мың теңге болатын. Қолма-қол ақша аударғаннан кейін, ол Whatsap-чатының бұғатталғанын байқады және демалысқа бара алмайтынын, алаяқтардың құрбаны болғанын бірден түсінді.
Осы факті бойынша полицейлер қылмысқа қатысы бар адамдардың орналасқан жерін анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді. Бүгінгі таңда аймақ аумағында алаяқтықтың 11 фактісі тіркелді, онда сенгіш азаматтар жалған туристік компанияларының қармағына түскен.
– Құрметті павлодарлықтар! Павлодар облысының полиция департаменті қарапайым ережелерді ұстануға шақырады, оларды орындау арқылы сіз өзіңізді жалған туристік компаниялардан қорғайсыз. Әрқашан келісімшарт жасасу, компанияның тарихын және ол туралы пікірлерді зерттеу қажет. Туристік қызметтерді ұсыну туралы шартта: туристік фирманың атауы, заңды және нақты мекенжайы, ұйымның деректемелері, сақтандыру сомасы көрсетілуі керек. Төлем кезінде клиент қаржылық құжатты – туристік жолдаманы немесе кассалық чекті алуы керек. Есіңізде болсын, егер билеттер өте арзан болса немесе тым еліктіретін жағдайларды ұсынса, қырағылық танытып, ақпаратты екі рет тексерген жөн, – дейді полицейлер.