"Астана Опера" театры өткен демалыс күндері VIII маусымды "Опера классикасының беттерімен" атты ауқымды гала-концертпен ашты. Алғашқы көрермендер жаңа бағдарламаға жоғары бағасын берді, әзірге ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес олардың саны 50 адамнан аспады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Дирижерлік тізгінді әлемнің көптеген елдеріне танымал маэстро, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев ұстады. Қойылым қарсаңында ол театрдың "Абай", "Дон Карлос", "Кармен", "Тоска", "Мадам Баттерфляй", "Севильдік шаштараз" және басқа да опералардың негізгі репертуарынан сахналар мен ариялар енгізілген қызықты бағдарлама дайындағанын айтты.
Екі күннің ішінде концертке театрдың барлық дерлік солистері, хор әртістері, оркестр мен миманс музыканттары қатысты.
- Барлығы үлкен ынта-жігермен, үлкен қуанышпен жұмысқа кірісті, себебі сүйікті жұмыстарын сағынған. Біз өз өнерімізді көрерменге паш еткіміз келеді. Абайдың 175 жылдық мерейтойында біз бағдарламаға А.Жұбанов, Л. Хамидидің "Абай" операсынан сахналар енгіздік, - деп атап өтті маэстро.
Көрермендер театрдағы өзгерістерге қызығушылықпен қарады: фойеде барлық жерде санитайзерлер орнатылған, залда креслолар шахмат түрінде орналасқан.
Өзгерістер оркестрдің музыканттарының отыруына да әсер етті, санитарлық нормаларға сәйкес, аспапшылар бір-бірінен бір жарым метр қашықтықта орналасқан. Мұндай қашықтықта музыканттардың мінсіз ансамблін құру қиын, алайда соған қарамастан оркестр әртістері туындыларды керемет орындады.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек афишасын "Опера классикасының беттерімен" гала-концертінен басқа, Күміс ғасыр балеттері мен Н. Римский-Корсаковтың музыкасына жазылған "Шехеразада" хореографиялық өнерінің жауһарлары әрлейді.