2020 жылы Жамбыл облысында жергілікті жолдардың шамамен 320 шақырымы жаңартылатын болады. Мұнда автомобиль жолдары саласында 20 жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды kazlenta.kz ҚР ИИДМ-ге сілтеме жасап.
Осы ретте өңірде 18 шақырым жаңа жол салынса, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 6,1 шақырымы қайта жаңарту және 295,77 шақырымы орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылған.Жол компаниялары «Қырғызстан шекарасына апаратын Тараз қаласының Оңтүстік айналма жолын» салып жатыр. Сонымен қатар, облыста 11 шақырымдық «Тараз – Сарыкемер – Түймекент – Ақшолақ» жолы қайта жаңарту жұмыстарынан өтуде. Сондай-ақ, өңірде «Ақкөл – Ойық – Ұланбел» (40-56 -236,6 шақырым), «Отар – Сұлутор – Көктөбе» (17-30 шақырым), «Тараз – Аса – Ақкөл – Саудакент» (21-32 шақырым), «Үшбұлақ – Сарыкемер» (0 – 5,244 шақырым), «Төле би – Мойынқұм – Ақтөбе» (6-20,7 шақырым), «Күйік – Қарабастау – Қаратау – Жаңатас – Саудакент» (66,220-80 шақырым), «Қақпатас – Беріктас» (0-5 шақырым), «Бетқайнар – Соғанды» (0-23,7 шақырым) жолдары биыл орташа жөндеу жұмыстарынан өтеді. Бұдан бөлек, «Берлік – Мойынқұм –Ұланкөл» жолының 3 учаскесі (271-300, 200-220 және 53,590-75,815 шақырымдары), сондай-ақ, «Алға-Қоғадыр» жолының 9 шақырымы, «Өрнек – Тоғызтарау – Жаңаөткел» жолының 6 шақырымы және «Қаратау – Көктал» жолының 14,5 шақырымы жаңартылмақ. Мұнымен қоса, жолшылар Құлан, Қараой, Аққұм және Тұрлыбай елді мекендеріне кіру жолдарын жөндейтін болады.
Еске салайық, Жамбыл облысындағы жергілікті жолдардың жалпы ұзындығы 3176 шақырымды құрайды. Жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жолдардың үлесі – 85%.