ҚР Парламентінің депутаттары Қазақстан халқын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Бәріміз үшін қадірлі де қастерлі Тәуелсіздік күні құтты болсын! Бұл – ұлттық мереке, жалпыхалықтық мереке. Бұл ата-бабамыздың аңсаған арман-аңсары. Осы тәуелсіздікке қызмет ету біздің буынның маңдайына бұйырды, иығына жүк түсті. Халқымыз қазір елдіктің жолында жаңа белестерге бет алып келеді. Сол себепті еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы, халқымыздың ынтымақ-бірлігі ең маңызды. Оның ішінде бірден бір маңыздысы сананың азаттығы дер едім. Жалпы қазақтың әр баласы азат болуға тырысуы, ұмтылуы керек. Санасы азат болмай, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы қиындай береді. Сол себепті жас буын, жас ұрпақ осы тәуелсіздікті көзінің қарашығындай қадірлеп-қастерлеп, аялай берсін дегім келеді», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Өз сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан халқымыздың өткен ғасырда көрген қиындықтарын тілге тиек етті.
«Қасиетті Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі құтты болсын! Бұл жүрек тұсымызға қолымызды қоя отырып, шын мәнінде ойланатын, арылатын үлкен бір тарихи кезең. Шекарасы шегенделген, байрағы, елтаңбасы, туы, картасы бар тұтас тәуелсіздік дейтін ұғымды беретін ұлы мерекеміз. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін осы тәуелсіздікті қадір тұтып, тек қана 30 жылдықтың бедерінде ғана емес, келер кезеңге, келесі ұрпаққа сәт сайын, әр таң сайын насихаттап отыратын мереке. Осы кезеңді ата-бабамыз аңсаған. Кешегі өткен сұрапыл кезеңдер, кеңес одағының тұсында өткен оқиғалардың қойған нүктесі – осы тәуелсіздік. Сондықтан еліміздің шеті жаудан, іші даудан аман болып, егемендігіміз мәңгі болып, тұғырлы Қазақстанымыз жасай берсін!» - деді ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зүлфия Сүлейменова 30 жылда еліміз үлкен жетістіктерге жеткен ерекше қозғады.
«Тарих ағымында 30 жыл аз ғана уақыт. Ал біз үшін бұл өте маңызды кезең, осы 30 жыл ішінде үлкен белестерді бағындырып, жетістіктерге жеттік. Қазақстандықтарды осы айтулы мерекемен құттықтағым келеді. Баршаңызға денсаулық, бақыт пен қуаныш тілеймін! Тәуелсіздік күні құтты болсын!» - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зүлфия Сүлейменова.