Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Каспий құбыры консорциумының 25 жылдығымен құттықтап, мұнай-газ секторы Қазақстан экономикасының өсу қарқынын айқындайтын басты саланың бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
– Бұл саланы дамыту үшін шетелден ауқымды инвестиция тартылып, озық технология енгізілді. Біздің еліміз әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы мемлекеттердің қатарында. Қазір жылына 90 миллион тоннаға дейін мұнай өндіреміз. Өнімді сыртқа шығаратын Каспий құбыр желісінің салынуы мұнай-газ секторын дамытуға айрықша ықпал етті, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жобаның іске асырылуы әлемдік өлшем бойынша Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты ірі кен орындарын игеруге тың серпін бергенін айтты. Қазіргі таңда елімізде өндірілетін мұнайдың 60 пайызы осы кен орындарына тиесілі.
– Консорциум Қазақстан мен Ресейдің, сондай-ақ «Шеврон», «ЭНИ», «Лукойл», «Шелл» және басқа да жетекші мұнай компанияларының қатысуымен халықаралық ірі мұнай тасымалдау жобасына айналды. Барлық қатысушы компаниялардың арасында мәмілеге қол жеткізу үшін Қазақстан мен Ресей басшыларының үлкен күш-жігерін қажет еткен әрі ұзақ жылдар бойы жүргізілген келіссөздер әлі есімізде. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған серіктестіктің 10 қағидасы Консорциумның табысты қызмет етуіне негіз болды. Бұл жобаның мен үшін мәні зор, себебі оның құрылысына және іске қосылуына арнайы қатысқан едім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгін Каспий құбыры консорциумы – барлық акционердің жүйелі әрі тиімді жұмысының үлгісі. 2001 жылдан бері КҚК-нің мұнай құбыры арқылы әлемдік нарықтарға 750 миллион тоннадан астам Қазақстан мұнайы экспортталды. Оның өткізу қабілеті шамамен 2,5 есе артып, жылына 67 миллион тоннаға дейін жетті. Президенттің айтуынша, 2023 жылға қарай бұл көрсеткішті 80 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
– Былтыр Каспий құбыры консорциумы акционерлердің барлық қарызын өтеп, өзінің қаржы тұрақтылығын дәлелдей алды. Жалпы Консорциум – Қазақстанның мұнай-газ кешенінің негізгі бөлігі. Еліміздің экономикалық дамуына және азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отыр. Каспий құбыры консорциумын мегажоба деп айтсам артық емес. Оның болашағы зор екеніне сенімдімін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий құбыры консорциумының ширек ғасырлық мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін айтты.
– Консорциум шетелдік инвесторлармен ұзақ мерзімді ынтымақтастығымыздың символына айналды. Жобаны Қазақстан мен Ресей бірлесе жүзеге асырды. Соның арқасында екі елдің мұнай тасымалы саласындағы серіктестігі нығая түсті, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Консорциумның еңбек ұжымы құбырдың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге зор үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Каспий құбыры консорциумының ұжымына, ардагерлеріне және акционерлеріне ризашылығын білдіріп, амандық пен табыс тіледі.
Жиын барысында Каспий құбыры консорциумының бірқатар ардагерлері мен қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қасым-Жомарт Тоқаев наградаларды өз қолымен табыстады.
Іс-шара барысында Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новак, «Шеврон» компаниясының Еуразия-Тынық мұхиты аймағында мұнай барлау және өндіру жөніндегі президенті Найджел Хирн, «Лукойл» ЖАҚ президенті Вагит Алекперов және «Транснефть» компаниясының бірінші вице-президенті Максим Гришанин сөз сөйледі.