«Құқықтық тәртіп» шарасы барысында сот қаулысының әкімшілік қамаққа алу бөлігін орындаудан бой тасалап жүрген қызылордалық ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
11 желтоқсан күні Қызылорда облысы Төретам кенті көшелерінің бірінде Audi автокөлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлерінің тоқтату туралы заңды талабын орындамай, жол қозғалысы ережелерін бұзған жерінен қашып кеткен.
Көлікті тоқтатып тексеру барысында жүргізушінің 2023 жылдың 13 желтоқсанында Орал қалалық сот қаулысына сәйкес көлікті масаң күйде басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түрінде әкімшілік жаза түрі қолданылған. Алайда құқық бұзушы сот қаулысын орындаудан бой тасалап жүргені анықталды.
Оған қатысты бірнеше әкімшілік хаттама ресімделіп, 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Қазіргі уақытта облыс көлемінде көшелер мен қоғамдық орындарда тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс шарасы өтуде.
Іс-шараның бірінші күнінде полиция қызметкерлерімен 2 қылмыс ашылды. 324 әкімшілік құқық бұзушылық деректері анықталса, оның ішінде мүлдем төзбеушілік принципі бойынша ұсақ бұзақылықтың – 6, спирттік ішімдікті ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде келудің – 25, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүруінің – 31, түнгі тыныштықты бұзудың – 15 дерегі анықталған.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізушілердің көлік құралын мас күйінде жүргізудің 2 дерегі анықталып, әкімшілік хаттама ресімделіп, сотқа жолданды.
Жалпы облыс көлемінде криминогендік ахуалды сейілту, құқық тәртібі мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын кең көлемде жүргізу мен қылмыстың алдын алуға бағытталған бұл жедел-профилактикалық іс-шараның өту барысы департамент басшылығының қатаң бақылауында.