Қала әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданындағы 23 маусымнан бастап азаматтарды қабылдайтын полицияның сервистік орталығына барды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл орталықтар әкімдіктің жобалық кеңсесінің қолдауымен барлық ауданда ашылады. Сатып алынған сегіз бөлменің алтауы қазір толық жабдықталған, ашылуға дайын.Жобаның мақсаты – қоғаммен ашық диалог құрып, тұрғындардың сұранысына жедел ден қойып, полиция жұмысының сервистік моделіне көшу. Орталықтарда көші-қон және әкімшілік мәселені шешуге, әйелдердің құқығын қорғауға, ЖКО бойынша кеңес пен құжат рәсімдеуге көмек сынды 55 қызмет түрі ұсынылады.
«Біз үшін азаматтардың құқық қорғау және қажетті құқықтық көмекті алуы үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше көңіл бөлінді», - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.Инспекторлар мен психологтар, жалпы өзге де мамандар азаматтарға ыңғайлы болу үшін жеке кабинетте жұмыс істейді. Заңгерлер, медиаторлар, кеңесшілер де қызмет көрсетеді. Орталық 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді, учаскелік инспекторлар халықты 23:00-ге дейін қабылдайды.