Пойыздың тоқтату кранын жұлып алған екі жолаушыға айыппұл салынды. Екі азамат та мас болған, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері Көліктегі ПД қызметкерлері 12935 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін 1048 дерек болған. Сондай-ақ пойызды тоқтату кранын жұлып алудың 10 фактісі тіркелді.
Мәселен, 24 ақпанда Ақтөбе облысының Тассай – Шалқар аралығында тоқтату кранын жұлып алуына байланысты Маңғышлақ – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы кестеден тыс тоқтады. Жоспарланбаған пойыз тұрағы 8 минутқа созылды.
Тексеру барысында көлік полицейлері Қызылорда облысының 34 жастағы тұрғынын анықтады. Ол мас күйде пойыздың тоқтату кранын жұлып алған. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес аталған азаматтан орташа дәрежелі алкогольдік масаңдық анықталды.
Құқық бұзушы акт бойынша пойыздан түсіріліп, қоғамдық орында масаң күйде болғаны және қажетсiз ретте пойызды заңсыз тоқтатқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Оған 10 айлық есептік көрсеткіш (36 920 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Дәл сол күні осыған ұқсас жағдай Алға – Бестамақ аралығында да болды. Бұл жолы тоқтату кранын жұлып алған Алматы – Ақтөбе бағытындағы пойыздың масаң күйдегі 63 жастағы жолаушысы болып шықты. Егде жастағы азамат 10 АЕК көлемінде айыппұл арқалады.
Естеріңізге сала кетейік, пойыздың тоқтату кранын ешбір себепсіз заңсыз жұлып алу – әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтыратын құқық бұзушылық. Тоқтату кранын жұлып алған жағдайда пойыздардың қозғалыс кестесі бұзылып, жолаушыларға қолайсыздық туындайды. Сондай-ақ пойыз кенет тоқтағандықтан жолаушылар мен пойыз қызметкерлері аяқасты жарақат алуы мүмкін.