Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Келіссөз алдында «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министріне рапорт берді. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан шағын құрамда кездесу өтетін залға барды.
Тараптар саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, қазақ-мажар қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.
– Құрметті Премьер-министр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Виктор Орбан Қазақстанға шақырғаны және өзіне, Мажарстан делегациясына көрсеткен қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.
– Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор, – деді Виктор Орбан.