Үндістандық студенттің Қапшағай су қоймасында батып кеткені жайлы ақпарат Alataunews.kz порталында жарияланды. Басылымның мәліметінше, марқұм болған жігіт Үндістанның Хайдарабад қаласынан келіп, Алматыдағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқып жатқан.
Қайғылы оқиға болған күні ол Қапшағайда тағы бірнеше отандасымен бірге демалып жүрген. Бұл жайтқа қатысты Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметі пікір білдірді.
"2022 жылдың 7 шілде күні сағат 14.50 шамасында Қонаев қаласы, Қапшағай су қоймасында 1999 жылы туған ер адам суға батып кетті. Алғашқы ақпаратқа сәйкес С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің студенті, Үндістан азаматы. Кейін белгілі болғандай, Алматы қаласынан келген студенттер тобы Қапшағай су қоймасының жағажайында шомылып, жағажайдың қоғамдық құтқарушыларының ескертулеріне құлақ аспай, жағалаудан алысқа қарай жүзіп кеткен. Бір сәтте студенттердің бірі өз күшін есептемей, басқалардан одан әрі жүзіп, батып кеткен", - дейді ТДЖ KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген ресми жауабында.
ТЖД құтқарушылары жігіттің денесін тауып, жағаға шығарған. Марқұмның досы оқиғаның қалай болғанын баяндауда.